Украинадағы Patriot зениттік зымыран кешендері АҚШ-тың ұлттық мүдделеріне қауіп төндіріп тұр. Өйткені бұл техника қарсы тараптың ұшақтары мен зымыранды қаруына қарсы күресте тиімсіз, деп жазды ресейлік әскери шолушы Александр Хроленко.
Қырық жыл пайдалану кезінде Patriot жаудың бірде-бір ұшағын атып түсірген жоқ. Йемендегі көтерілісшілердің пилотсыз ұшу аппараттары және зымырандарымен шайқаста да жеңіліске ұшырады – Patriot әуе қорғаныс жүйесіне негізделген әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі Сауд Арабиясының нысандарын құрама әуе шабуылдарынан қорғай алмады. Ресейлік арнайы әскери операция аймағы батыстық қарулардың сапасын қатаң сынақтан өткізіп, АҚШ-тың әуе шабуылы мен зымыранға қарсы қорғаныс саласында технологиялық тұрғыдан артта қалғандығын растайды.
АҚШ Қарулы күштері Еуропалық қолбасшылығы мен НАТО-ның Еуропадағы Біріккен Қарулы күштерінің қолбасшысы, америкалық генерал Кристофер Каволи 26 сәуірде Конгрессте өткен тыңдалымда Киев өзіне уәде етілген әскери көліктің, атап айтқанда, танктің, жаяу әскерге арналған жауынгерлік машинаның, соның ішінде Patriot әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесін қоса алғанда басқа да техниканың 98 процентін алғанын айтты.
"Біз Киевке қарсы шабуылға қажетті қару-жарақ жеткізіп бердік және жалғасып жатқан операцияларды қолдау үшін бұл жеткізуді жалғастырамыз", - деді Кристофер Каволи.
Пентагон өкілдері Одессада Украинаға келген қару-жарақты үнемі тексеріп отырады. Бірақ Украина тарапынан жүргізіліп жатқан операциялар әлі байқалмайды. Өйткені Украина Қарулы күштері қорғаныс позициясына жайғасқан.
"Вашингтон мен Берлин Киевке Patriot әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесінің екі батареясын беруге уәде берді. Олардың әрқайсысы шамамен 1 миллиард доллар тұрады және төрт зениттік зымыраны бар 4-8 ұшыру қондырғысын қамтиды. Батареяда барлығы 16-дан 32-ге дейін зымыран бар", - деп жазды Хроленко.
Бұған дейін Politico басылымы Украина Қарулы күштері баллистикалық зымырандарды тежеуге арналған Patriot MIM-104 модификациясын алатынын хабарлаған. Сәуірде уәде етілген жиынтықтардың бірі Украинаға жеткізілді. Алайда екі немесе үш мұндай зениттік зымыран кешені Киев аспанын бұғаттай алмайды. Себебі арнайы әскеери операция аймағындағы ресейлік әскер баллистикалық зымырандарды пайдаланбайды. Гипердыбыстық "Искандерлер" квазибаллистикалық траекториялар бойынша ұшады.
Америкалық Patriot зениттік зымыран жүйесі 1983 жылы дайындалған және ірі әскери-теңіз және әскери-әуе базаларды, әкімшілік және өнеркәсіп орталықтарды әуе шабуылының барлық құралынан қорғауға арналған. Жарнама роликтері Patriot әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі бір уақытта 100-ден астам әуе нысанасын анықтауға және тануға, таңдалған сегіз нысанаға үздіксіз ілесіп отыруға және олардың әрқайсысына 100 шақырымға дейінгі қашықтықта және 60 метрден 24 километрге дейінгі биіктікте, 90 градус секторда үш зымыранмен шабуыл жасауға қабілетті екенін насихаттайды. Бірақ Вашингтон аспанының қауіпсіздігі норвегиялық NASAMS әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерімен қамтамасыз етілген.
"2020 жылдың қаңтарында Иранның зымыран соққыларымен Ирактағы АҚШ-тың ірі әскери базасындағы 100-ге жуық америкалық сарбаздың жойылуы кездейсоқ емес. Себебі Patriot тар ауқымдағы секторда, тек көкжиектен жоғары ұшқан нысаналарды анықтайды. Ұрыс жағдайында нысанаға тию ықтималдығы 0,4, яғни үш зымыранның біреуі тиеді", - деп жазды Хроленко.
Пентагон Украинаның әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері сәуір айының соңына қарай тозып, ресейлік шабуылдаушы ұшақтар арнайы әскери операция аймағындағы үстемдігін арттырады деп алаңдайды. Сонымен қатар Украинадағы америкалық Patriot зениттік зымыран кешенінің екі батареясының мүмкіндіктері тым асыра бағаланған.
Хроленконың пікірінше, Украина аспанындағы америкалық F-16 жойғыш ұшақтарының пайда болуы да АҚШ-тың әскери-өнеркәсіптік кешенінің нарықтық мүдделеріне ғана әсер етуі мүмкін. Себебі Украинадағы әскери іс-қимылдар театрында бұл ұшақтар ұрысқа дайын емес, олар арнайы қызмет көрсетуді, таза ұшу-қону жолағын қажет етеді.
Business Insider басылымы F-16 ұшағын қабылдауға дайындық кезінде Ресейдің Украина Қарулы күштерінің кез келген аэродромын жойып жіберетінін атап өтті. Пентагон мұны түсініп, F-16 ұшақтары Украина үшін басымдық емес екенін, өйткені әуе кеңістігін жердегі әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесінің көмегімен өте тиімді бақылауға болатынын мәлімдеді.
Әскери шолушы Александр Хроленконың Telegram арнасы