АСТАНА, 28 сәуір - Sputnik. Үкімет сыбайлас жемқорлардан сот арқылы алынып, мемлекетке өткен ақшалай қаражатты мектептердің құрылысына беру механизмін бекітті.
Тиісті түзетулер енгізілген қаулыға премьер-министр Әлихан Смайылов қол қойды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйектегі халыққа жолдауында жемқорлардан алынған қаражатты білім беру инфрақұрылымын қолдауға бағыттауды тапсырған болатын.
"Жалпы, мектеп салу Үкімет пен әкімдіктер үшін басты міндеттердің бірі болуы керек. Жемқорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс", — деді президент.
Бүгінгі таңда білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 121,7 млрд теңге түсті. Сонымен қатар ел басшылығының тапсырмасы бойынша республикалық бюджет комиссиясы 106,7 млрд теңгені құрайтын 72 жобаны қолдады.
Атап айтқанда:94,1 млрд теңге 85 мың орындық 69 мектептің құрылысын аяқтауға;тағы 12,6 млрд теңге 3 жаңа нысанның (екі ауысымда 1400 орынға арналған 2 мектеп және 200 орындық мектеп-интернат) құрылысын аяқтауға бағытталады.