АСТАНА, 27 сәуір – Sputnik. Қызылорда қаласында жеке меншік мектепте 4-ші сынып оқушысының үстіне шкаф құлады. 9 жастағы қыз ауыр жарақат алды, деп хабарлайды КТК.
Зардап шеккен оқушының анасы әлеуметтік желіде осы оқиғаның мән-жайын айтып, кінәлі адамдарды жауапқа тартуды талап етті.
"Класта қызымның үстіне шкаф құлады. Қазіргі кезде ол көпбейінді облыстық балалар ауруханасында жатыр, жағдайы ауыр. Мектеп әкімшілігінен адамдар келген. Арызды алып кетсеңіз, материалдық көмек береміз деді. Бірақ біз одан бас тарттық. Қызымыздың жағдайы өте ауыр, оңалтуға қанша уақыт кететінін де білмей отырмыз. Дәрігерлер ешқандай кепілдік бермей отыр. Сол себепті бәрі заң аясында шешілуі керек деп ойлаймыз", - дейді анасы.
Туыстары облыстық прокуратураға да арыз түсіріп, кінәлі адамдарды жауапқа тартуды сұрады. Әкесінің айтуынша, класта тұрған шкаф кенеттен құлаған. Оның жанында қызы және басқа да балалар тұрды. Бірақ олар қашып үлгерген.
"Шкаф өте үлкен және ауыр. Қабырғаға бекітілмеген. Мектеп басшылығы қызымның оңалту шараларына да көмек берсін", – деп атап көрсетті қала тұрғыны.
Облыстық аурухананың мамандары қыздың жағдайы ауыр болғанын растады.
"Ол бүйректен жарақат алды, қуыққа да зақым келді. Қатты шокта болды, сан сүйегі мен омыртқаның бел тұсында көлденең өсетін сүйек сынған", – дейді дәрігерлер.
Полиция Қылмыстық кодекстің 140-бабы, 2-бөлігі (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау) бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.