Дерекқор

Генерал Панфилов туралы не білеміз?

Sputnik
9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында II Дүниежүзілік соғысқа қатысты тарихи оқиғалар мен естеліктер жиі айтылады. Алматыда жасақталған 316-атқыштар дивизиясының ерлігін де жиі еске алады. Соның құрамында қазақтың әйгілі әскери қолбасшысы Бауыржан Момышұлы да көзге түсіп, тарихтан ойып тұрып орын алды. 28 панфиловшылардың ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Ал оларды басқарған генерал-майор Иван Панфилов кім болды? Бауыржан Момышұлы білікті басшы туралы не жазды? Ал, ең бастысы, генералдың соғыс тактикасы қандай болған?
Sputnik Қазақстан Кеңес Одағының Батыры, генерал-майор Иван Васильевич Панфиловтың өміріне қатысты қызықты деректерді ұсынады.

Өмірге ерте араласқан бала

Иван Панфилов 1893 жылы 1 қантарда Ресейдің Саратов облысының Петровск қаласында дүниеге келген. Әкесі әскери кеңседе хатшы қызметін атқарды. Анасы ерте қайтыс болды. Сол себепті кішентай Иван үшінші сыныптан кейін оқуын тастап кетті. 11 жасында дүкенге жалдамалы жұмысшы болып кірді. Сол кезде бірінші орыс революциясы бұрқ ете түсті. Әкесі ереуілге қатысқаны үшін жұмыстан қуылып, отбасын асырай алмай қалды.
1915 жылы Иван Панфилов орыс императорының армиясына шақырылды. Бас кезінде запастағы батальонда жүрді. Ал екі жылдан кейін фельдфебель атағын алып, I Дүниежүзілік соғысқа аттанды. Орыс-герман майданында соғысты. 1918 жылы әскерден кетті.

Панфилов әскери трибуналға қалай түсті?

Патша үкіметі құлағаннан кейін 25 жастағы Панфилов Қызыл армияға өз еркімен кірді. Чапаев дивизиясына қосылып, 1-ші Саратов жаяу әскер полкінде взвод командирі болды. Жазалау операцияларына қатысты. Ату жазаларының бірін орындағанда жауға болысқаны үшін айыпталды.
Сол кезде пулемет істемей қалды. Ал пулеметші Панфилов оны әдейі қатардан шығарды деген айып тағылды. Әскери трибунал шақырылды. Оған дивизия командирі Василий Чапаевтың өзі келіп, Панфиловты ақтап шығарды. Тіпті, атқыштар отрядының командирі етіп тағайындады.
1920 жылы жас командир сүзекпен ауырып қалды. Ал жазылғаннан кейін бірден Польшаға қарсы соғысқа аттанды. Осы соғыста көрсеткен ерлігі үшін Қызыл Ту орденімен марапатталды.
Иван Панфилов пен Бауыржан Момышұлы
Панфиловты Украинадағы қарақшыларға қарсы күреске де жіберді. Сол жақта жүріп, Овидиополь қаласында жан жары Марияны кездестірді.
1921 жылдың соңында Панфилов Киевтегі екіжылдық жоғары жаяу әскер мектебіне оқуға барды. Оны бітіргеннен кейін 52-ші Ярослав атқыштар полкінінің взвод командирі қызметіне тағайындалды. Командир көмекшісі, рота командирі болды. Ал 1924 жылы 1-ші Түркістан атқыштар полкіне сұранды.
Панфилов басында рота командирі болды. Одан кейін батальон командирі мен полк мектебінің бастығы қызметін атқарды. Ал 1925 жылы Тәжікстандағы Хорог шекара бекетін басқарды. Бір жылдан кейін Памир отрядының командирі болды. Басмашылармен қарсы күреске белсенді қатысты. Сол үшін тағы Қызыл Ту орденімен марапатталды.
1932 жылы Панфилов 6-шы Түркістан тау атқыштары полкін басқаруға кірісті. Ал бір жылдан кейін Орта Азия әскери округіне ауыстырылды. 1938 жылдан бастап Қырғыз КСР-нің әскери коммисары қызметіне тағайындалды.

316-атқыштар дивизиясы қалай құрылды

1941 жылы 22 жылы неміс әскері КСРО-жеріне басып кірді. Батыс майданында кескілескен ұрыстар жүріп жатты. Тура үш аптадан кейін Панфилов 316-шы атқыштар дивизиясын жасақтауға кірісті. Оған Алматы, Алматы облысы мен Фрунзенің тұрғындары қабылданды. Дивизияны бірден Мәскеуді қорғауға жіберді.
Әйгілі әскери қолбасшысы Бауыржан Момышұлы өзінің "Қанмен жазылған кітабында" дивизияның қалай құрылғанын баяндап шықты. Оның қатарына бухгалтерлер мен мұғалімдер, сауаты жоқ адамдар, ғылым кандидаты да шақырылды. 36 ұлттың өкілдері болды.
"Бейбіт уақытта жас жігіттер әдетте екі жылдық әскери қызметке шақырылып, өз міндетін өтейді. Осы уақыттың ішінде оларға қажетті әскери тәрбие беріліп, олардың бойына жауынгерлік қасиет егілетін. Жауынгерлерге нағыз солдатқа тән қасиетті тәрбиелеу үшін көп уақыт қажет болады. Ал бізге мұның бәріне небәрі екі-ақ ай уақыт беріліп, ұрысқа аттандырды. Тарихта бірде-бір генерал мұндай толық әскери даярлықтан өтпеген, жаңадан шақырылған әртүрлі кұраммен соғысқа қатысқан емес. 316-атқыштар дивизиясы сияқты жауынгерлік құраманы ұйымдастыру - бұл үлкен іс", - деп жазды Момышұы.
Дерекқор
Бүгін даңқты батыр Бауыржан Момышұлының туған күні
1941 жылдың қазан-қараша айларында Мәскеу түбіндегі қорғаныс кезінде Панфилов басқарған 316-атқыштар дивизиясының жауынгерлері Волоколамск бағытын қорғауда асқан ерлік көрсетті. Панфиловшы батырлар тобының ерлігі Кеңес әскері жауынгерлерінің жаппай ерлік көрсетуінің үлгісіне айналды.
17 қарашада 316-атқыштар дивизиясы 8-гвардиялық атқыштар дивизиясы болып аталып, Қызыл Ту орденімен марапатталды.
Панфилов қаза тапқаннан кейін дивизия оның есімімен аталды. Генерал Мәскеудегі Новодевичье зиратына жерленген. Бір жылдан кейін марқұмға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Панфилов қалай қаза тапты

1941 жылдың 18 қарашасында генерал-майор Панфилов Гусенево селосында неміс минасының жарылуынан қаза тапты. Оның қаза болу сәтін маршал Катуков баяндап берген.
"18 қараша күні таңертен екі оншақты танкі мен мотопехота Гусенево селосын қайта қоршауға ала бастады. Сол жерде Панфиловтың команда беретін бекеті болды. Оны асығыс шаруа үйінің жанында қазып, жеркепе етіп жасаған. Немістер ауылды минометтан атты, бірақ көздеп атқан жоқ. Сол себепті оған ешкім мән бермеді.
Өмірбаяндар
17 жасында майданға аттанған Әлия Молдағұлова туралы қызықты деректер
Панфилов мәскеулік тілшілер тобын қабылдап жатқан. Сол кезде оған жау танктерінің шабуылға шыққаны туралы хабарды жеткізген. Ол далаға атып шықты. Оның артынан дивизия штабының басқа да қызметкерлері ерді. Панфилов жеркепенің соңғы баспалдағына аяғын басамын дегенде дәл жанында мина жарылды. Генерал Панфилов жерге баяу отыра кетті. Оны қолынан ұстап қалды. Осылай есін жимастан майдандас достарының колында қаза тапты. Жарақатын қарап шықты, кіп-кішкентай жарықшақы шекесін тесіп өткен", - дейді Катуков.

Генералдың соғыс тактикасы

Бауыржан Момышұлы өз кітабында генералдың тактикасын да ашып берген. Бұрын кеңес әскері линиялық тактиканы ұстанатын. Ал Панфилов алғашқылардың бірі болып Москва түбіндегі ұрыстардың ерекшеліктерін көре білді.
"Бұл маневрлі қорғаныс жағдайында тас жолдар үшін, басты бағыттар үшін жүргізілген ұрыстар болатын. Ол артына қашуға жол іздеу үшін емес, шабуыл жасау үшін бұрылатын. Әдетте адамдар артына қашу үшін жалтақтап қарайды емес пе, ал Иван Васильевич артына шабуыл жасау үшін, алдыңғы жақта қандай қарекет жасалып жатқанын білу үшін қарайтын. Ол шегінуге еш уақытта кеш болмайды деп жиі қайталайтын, яғни бұнысымен ол қоршаудың қауіптілігін ескеретін", - деп жазды ол.
Өмірбаяндар
Әкесін құтқару үшін майданға аттанды: Мәншүк Мәметова туралы не білеміз?
Панфилов айырылып қалған шепті қайтадан алуға болатынын, ал айырылған адамдарды қайтара алмайтынын білді.
"Егер шепті үлкен шығын шығарып қорғау қажеттігі болмаса, онда Панфилов оны жауға беруден қорықпады, бір-ақ шепті бергенде де дұшпанды әбден титықтатып, шығынға ұшыратып барып беретін. Оның қағидасы - ұрыссыз шегінбе болатын. Бірде оның бізге келіп, менің баяндауымды тыңдап: "Момышұлы, немістер мына село үшін ең кемі бір жарым полкын жер жастандыратын болсын",- дегені есімде. Панфилов тактикасының негізгі мақсаты - дұшпанның адам күшін жою", - деп еске алды Момышұлы.

Сарбаздар Панфиловты не үшін жақсы көрді

Солдаттар өз командирін жақсы көрді. Жауынгерлерге жасаған қамқорлығы, ықыласы, әсіресе тактикалық біліктілігі, тапқыр да ақылды басшылық қабілетін үшін "Батя" деп атаған.
Панфилов танкіге қарсы тірек орындарын және оларға атыс қаруларын орналастырудың жүйесін жетілдірді. Осы тәсіл арқылы электр жылытқышының өзегін орағандай танк қаупі төнетін жолдар мен бағыттарға бекініс шебін "шырмай" орналастырды. Осылайша, қорғаныс шебі бірнеше қабаттан тұрады, ұрысқа оңтайлы әрі төзімді болды.
Дивизия осы тәсіл арқылы қазан-қараша айларындағы ұрыстарда жаудың танк, моторландырылған және екі жаяу әскер дивизиясын тас-талқан етіп, 9 мың басқыншыны, 80-нен аса танкін және басқа да көптеген соғыс техникасы мен қару-жарақтарын жойды.

Отбасы

Панфиловтар отбасында бес бала туған. Олар: Валентина, Евгения, Галина, Владилен мен Майя.
Үлкен қызы Валентина 1941 жылы әкесінің дивизиясында медициналық-санитарлық батальонда қызмет атқарды. Соғыс аяқталған жылы басынан ауыр жарақат алды. Емделіп шыққаннан кейін комсомол жолдамасымен Алматыға жіберілді. Сол жақта Бақытжан Байқадамовқа тұрмысқа шықты. Үш қызы туды. Олар: Айгүл, Балдырған және Алуа.
Панфиловтың ұлы Владилен полковник атағына дейін жетті. Ұшқыш болды. Ал кіші қызы Майя кәсіби суретші, ақын ретінде танылды. Ресейдің театр қызметкерлерінің одағына, Халықаралық жазушылар қауымдастығына енді. Еңбек ардагері, академик. Мәдениет мен өнер саласына сіңірген еңбегі үшін Ломоносов атындағы орденмен марапатталды. 600 картина мен 50-ден астам әдеби шығарма жазды. Әкесі туралы кітап шығарды. Мектепте музейін де ашты.
Бүгінде Жетісу облысында аудан Панфиловтың есімімен аталады. Алматы қаласында генералдың атында бір көше, 28-гвардияшы-панфиловшылар атындағы парк бар. Сол жерде батыр-генералға ескерткіш орнатылған.
Бұдан бөлек, Қазақстанда бірнеше мектепке Панфиловтың есімі берілген. Панфилов ауылдары да бар.
Тоқаев майдангер әкесі туралы: Соғыс жайлы айтқысы келмейтін