АСТАНА, 28 сәуір – Sputnik. Астанада ауыр хәлде жатқан 7 айлық сәбиге бауыр трансплантациясы жасалды. Нәрестеге туған әкесі донор болды, деп хабарлайды "Қазақстан халқына" қоры.
"Қазақстан халқына" қоры нәрестенің бауырын ауыстыру үшін мамандарды Жапония мен Непалдан шақыртып, қайырымдылық көмек көрсеткен. Операция "University Medical Center" корпоративтік қорының базасында жасалды.
Трансплантацияны нәрестенің жасы мен кішкентай салмағы (8 кг), жағдайының өте ауыр болуы, тыныс алуының бұзылуы мен басқа да асқынулар қиындатты.
"Менің ұлыма бауыр циррозы диагнозы қойылған. Дәрігерлер трансплантацияны емдеудің ең тиімді әдісі деп айтты. Әрине, мұны естігенімізде баламыздан айырылып қаламыз ба деген қорқыныш болды. Жұбайым донор болуға мүмкіндігі бар екенін білген соң, дәрігерлерге сеніп, барлық анализді бірден тапсырып, дайындықты бастап кеттік. Операциядан аман-есен өтіп, бір жеңілдеп қалдық. Баламды аман сақтап қалған Ана мен бала орталығының барша дәрігеріне алғыс айтамыз", – дейді сәбидің анасы Қарлығаш.
Операция сәтті өтті, қазір бала өздігінен тыныс алады. Жағдайы тұрақтанған соң, бала мен әкесі ауруханадан шығарылды. Қазір олардың жағдайы жақсы.
Сондай-ақ жапон дәрігерлері қазақстандық әріптестерімен бір жасқа дейінгі балаларға бауыр трансплантациясын жасау бойынша тәжірибелерімен бөлісті.
Айта кетері, балаларға, әсіресе дене салмағы 10 келіден аз сәбилерге бауыр трансплантациясы жеткілікті дағды мен тәжірибенің болмауына байланысты Қазақстанда жасалмайды.