Қазақстан делегациясы сыртқы істер министрлерінің кеңесіне қатысты

Sputnik
АСТАНА, 27 сәуір – Sputnik. Премьер-министрдің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу бастаған қазақстандық делегация "Орталық Азия – Қытай" форматындағы сыртқы істер министрлері 4-ші кеңесінің жұмысына қатысты.
Министрлік кездесуіне қатысушылар күн тәртібіне сәйкес мамыр айында Сиань қаласында өтетін "Орталық Азия – Қытай" алғашқы саммитіне дайындық мәселелерін, осы диалог форматына қатысушы мемлекеттер арасындағы түрлі бағыттар бойынша одан әрі өзара іс-қимылдың перспективалары мен контурларын талқылады, сондай-ақ өзекті халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасты, деп хабарлады сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Мұрат Нұртілеу
Нұртілеу сауданы арттыру, экспорттық тауарлар номенклатурасын кеңейту, көлік инфрақұрылымын жетілдіру, азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы өзара іс-қимылды нығайту, су мәселелері бойынша ынтымақтастықты жолға қою жөніндегі күш-жігерді біріктіру, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту және Орталық Азия мен Қытай арасындағы өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.
"Қазақстан біздің өңірлік диалогты дамытуға маңызды мән береді және нақты жобалар мен бағдарламаларды іске асыру үшін белсенді өзара іс-қимыл жасауға дайын. Сауда-экономикалық ынтымақтастық өзара тиімді әріптестіктің негізгі тіректерінің бірі саналады. Орталық Азия елдері Қытайға экспортты үдемелі ұлғайту үшін жеткілікті әлеуетке ие", – деді министр.
Ол Орталық Азия елдері және ҚХР арасында 2022 жылғы 70 млрд АҚШ доллары деңгейіндегі тауар айналымының жоспарлы көрсеткіштеріне мерзімінен бұрын қол жеткізілгенін атап өтті.
Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 2022 жылы 24 млрд АҚШ долларынан асты, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 34%-ға артық.
Кеңес қорытындысы бойынша Орталық Азия мемлекеттері мен Қытай сыртқы істер министрлерінің Ақпараттық коммюникесі қабылданды.