АСТАНА, 27 сәуір – Sputnik. Мемлекет заң аясында кез келген этносаралық арандатушылықтың жолын кеседі. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өтіп жатқан ҚХА-ның ХХХІІ сессиясының отырысында мәлімдеді.
Президент әрбір азамат өз болашағын Қазақстанмен тығыз байланыстыруы керек екенін атап өтті. Сонда ғана халқымыз біртұтас ел болып тұра алады.
"Ешкімді ұлтына, тіліне, дініне қарап кемсітуге болмайды. Қоғамда мұндай ұстанымға сай бөлектенуге жол берілмейді. Әрқайсымыз – Қазақстан атты қасиетті қара шаңырақтың перзентіміз. Бәріміз – бүгінгі өмірі және болашағы бір бауырлас азаматтармыз", - деді ол.
Тоқаев құқық қорғау органдары кез келген арандатушылықтың жолын кесетінін ескертті.
"Мемлекет заң аясында қатаң түрде этносаралық, тілдік және әлеуметтік сипаттағы барлық арандатушылықтың жолын кеседі. Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұл мәселені ерекше бақылауда ұстайды және заңға сай әрекет етеді", - деп мәлімдеді мемлекет басшысы.
Тоқаев әр азамат өз сөзі мен ісіне жауапкершілікті сезінуі керек екенін айтты.
"Бізге басқалардың ақпараттық соғысы мен идеологиялық даулары қажет емес", - деді ол.
Президенттің айтуынша, Қазақстан халқы Ассамблеясының саяси партиялармен және мемлекеттік органдармен өзара қарым-қатынасын күшейту керек. Бұл жұмысты орталықта және аймақтарда жүргізген жөн.
"Біз ауқымды саяси реформалардың нәтижесінде шынайы пікір алуандығына қол жеткіздік. Әрине, әр саясаткердің өз пікірі болуы орынды. Елімізді дамыту, күнделікті мәселелерді шешу туралы көзқарастар үнемі бірдей бола бермейді. Бұл – түсінікті. Алайда ел бірлігін сақтауға келгенде біз жұдырықтай жұмыла білуіміз керек. Этносаралық келісім саясатында сөз бен іс бір жерден шығуға тиіс. Ассамблея саяси партиялармен ақылдасып, кеңесіп отыруы қажет. Сонда бірлігімізді нығайтамыз. Этносаралық қатынасқа қатысты кез келген арандатудың жолын кесеміз", - деп мәлімдеді Тоқаев.