АЛМАТЫ, 26 сәуір – Sputnik. Жаркентте өңір басшысының бұрынғы резиденциясы мүмкіндігі шектеулі балаларға оңалту орталығы ретінде берілген болатын. Ақ сарайдың қазіргі қызметімен Sputnik Қазақстан тілшісі танысып қайтты.
Айналасы ат шаптырым аумақ былтырғы жылдың қарашасына дейін өңір басшысының демалыс орны болған. Резиденция 2013 жылы салынған. Ғимарат бір қабатты және екі корпустан тұрады. Оның жалпы ауданы 1 гектар, екі ғимарат тұрғызылған. Ғимараттың жалпы аумағы – 910 шаршы метр. Бірінде облыс әкімі демалса, екінші ғимарат аудан әкіміне тиесілі болған. Ақ түйенің қарны жарылып алты айдан бері шенділердің ғимараты балалардың еншісіне бұйырды.
Жетісу облысындағы мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталығы
© Sputnik / Айдана Дайырова
"Біздің мекеме 40 балаға арналған. Ал Панфилов бойынша жалпы 600-ден астам бала тіркеуде тұр, тіркелмеген балалар да бар. Кейбір ата-ана баласының мүгедектігін жасырып, тіркемей жатады. Оңалып келе жатқан балаларды ұзағырақ ұстауға тырысамыз, ал туа бітті ем қонбайтын сырқатқа шалдыққан балаларды арасында демалтып, кезекте тұрған басқа балалармен ауыстырып отырамыз. Шамамыздың жеткенінше барлық баланы қамтуға тырысамыз", - дейді "Мерей" балаларды оңалту орталығы коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Гүлназ Қыбраева.
Резиденцияда 6 жатын бөлме бар. Қонақ бөлмесі кең. Жуынатын бөлме мен жаттығу залы да ерекше. Ал қазіргі күні оңалту орталығында 6 маман қызмет етеді.
Жетісу облысындағы мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталығы
© Sputnik / Айдана Дайырова
"Оны қалпына келтіруге, жиһаз бен арнайы құрал-жабдықты алуға 80 миллион теңге бөлінді. Нысан 40 адамға есептелген. Мұнда Монтессори, физиотерапия, емдік дене жаттығулары мен түрлі массаж түрлеріне арналған бөлмелер бар. Сондай-ақ психолог, логопед, дефектолог, еңбекке баулу, гидромассаж кабинеті, тұз шахтасы және бассейн жұмыс істеп тұр. Балалардың емі сапалы жүргізілу үшін кейбір керек заттарды шетелдік компаниялардан алдырамыз", - деді Гүлназ Қыбраева.
Жетісу облысындағы мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталығы
© Sputnik / Айдана Дайырова
Бұрын Панфилов ауданының балалары ат арытып, жылына небәрі бір рет бір айға Астана немесе басқа жақтардағы емдік шипажайларға баратын. Қазіргі күні баласына ем іздеген көптеген ата-ана алысқа жолаушылап әуре болмайды.
Жетісу облысындағы мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталығы
© Sputnik / Айдана Дайырова
"Панфилов ауданында осындай орталық ашылады деген үш ұйықтасақ түсімізге кірмепті. Көптеген мәселемізді шешіп жатыр. Біздің ендігі мақсатымыз сабаққа барып жүрген балаларды осы орталықта оқытса дейміз. Өйткені бір сағатқа бола баланы ары-бері тасығанша мұғалім осы ғимаратқа келіп, баланы оқытса жақсы болар еді. Бала сабаққа бару үшін барлық емдік шараны тез-тез өткіземіз", - дейді оңалту орталығының мамандары.
Жетісу облысындағы мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталығы
© Sputnik / Айдана Дайырова
Сағат 09:00-17:00 аралығында балалар осы жерде тәрбиеленеді. Арнайы көлікпен әкеліп, үйіне жеткізіледі.
"Тағы бір бұйымтайымыз күні бойы үйінде жатқаннан гөрі бала осы жерде тұрып, демалыс күндері отбасына баратын етіп жасап берсе жақсы болар еді. Оңалту орталығын түнгі уақытта да балаларға қызмет көрсететін етіп жасаса, бұдан да көп балаға емдік қызмет көрсетілер еді", - дейді мекеме басшысы.
Жетісу облысындағы мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталығы
© Sputnik / Айдана Дайырова
Облыс басшысына арнап салынған заманауи ғимараттағы кейбір әсем дүниелерді оңалту орталығының мамандары балаларға арнап өз қолымен жасаған.