АСТАНА, 26 сәуір – Sputnik. Қазақстанның 11 өңірінде 268 қару, 21 граната, 4 жарылғыш құрылғы, түрлі калибрлі 30 мыңнан астам оқ-дәрі тәркіленді, деп хабарлады Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі.
2023 жылдың қаңтары мен сәуірі аралығында Ұлттық қауіпсіздік комитеті полиция органдарымен бірге прокуратураның үйлестіруімен заңсыз қару айналымындағы қаруды іздестіру және тәркілеу бойынша, оның ішінде "қаңтар оқиғалары" кезінде ұрланған қаруға қатысты бірқатар жедел-іздестіру іс-шарасын жүргізді.
"Нәтижесінде Қазақстанның 11 аймағында 268 бірлік қару, оның ішінде 38 "Калашников" автоматы, 126 мылтық, 104 тапанша, 21 граната, 4 жарылғыш құрылғы, түрлі калибрлі 30199 оқ-дәрілер, сонымен қатар броньды кеудеше, қорғаныш дулығасы, қол-кісендер, автомат оқжатарлары, қалқандар мен радиостанциялар тәркіленді", - делінген хабарламада.
Жедел қызметкерлер жасырылған қару мен оқ-дәрілердің негізгі бөлігін келесі жерлерден анықтады:
Алматыда – 4,
Байқоңырда – 1,
Қостанайда – 1,
Семейде – 1,
Өскеменде – 1,
Ақтөбеде – 1,
Алматы облысында – 3,
Жамбыл облысында – 4,
Жетісу облысында – 2,
Павлодар облысында – 1,
Солтүстік Қазақстан облысында – 3.