АСТАНА, 26 сәуір – Sputnik. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі проблемалық қарызы бар азаматтарға онлайн кредит алуға тыйым салуды жоспарлап отыр. Бұл туралы агенттік төрағасы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, кейбір қазақстандықтар банктегі кредитін жабу үшін басқа қаржы ұйымынан тағы да несие алады. Сөйтіп қарызға белшесінен батады.
"Егер азаматтың пролемалық кредиті болса, сол кезде жаңа онлайн микрокредит алуға тыйым салынады. Бізде кредит алушылар саны неге өсіп барады? Себебі азаматтар банкте бір проблемалық кредиті болса, соны жабу үшін микроқаржы ұйымына барады да, жаңа кредит алады. Сол себепті проблемалық кредит туындаса, жаңа кредит беруге тыйым салу туралы осындай ұсыныс енгіздік", - деп түсіндірді Әбілқасымова мәжіліс кулуарында.
"Бұл тыйым тек микроқаржы ұйымдарына қатысты ма?" деп сұрады журналистер.
"Біз барлық кредит бойынша қарастырып жатырмыз", - деп нақтылады агенттік төрағасы.