Менделеев олимпиадасы әлем елдері химиктерінің тартылыс орталығына айналды

1 мамырда Қазақстанда химиядан оқушыларға арналған 57-ші Халықаралық Менделеев олимпиадасы (ХМО-57) ашылады. Оған әлемнің 20-дан астам елінен келген құрама командалар қатысады
Sputnik
Өткен жылдардағы олимпиадаларда қай елдер көш бастады? Жеңімпаздар мен жүлдегерлердің өмір жолы қалай қалыптасты? Бұл туралы ХМО-57 ұйымдастыру комитетінің тең төрағасы, Андрей Мельниченко қорының атқарушы директоры Александр Чередник айтты.
– Александр Михайлович, осы жылы олимпиадаға қай елдің командалары қатысады?
– Биыл Халықаралық Менделеев олимпиадасына 22 елдің құрама командасы қатысуға ниет білдірді. Бұл Армения, Әзербайжан, Беларусь, Венгрия, Израиль, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Сауд Арабиясы, Тәжікстан, Түркіменстан, Түркия және ХМО-ға дәстүрлі түрде қатысатын көптеген басқа елдің командалары және жаңа қатысушылар. Мысалы, Бразилия құрамасы биыл алғаш рет қатысады. Бұл сапарды біздің қор қаржыландырады.
– Олимпиаданы ұйымдастыруда қор қандай рөл атқарады?
– Мұндай ауқымды халықаралық жобаны жүзеге асыру – өте жауапты әрі күрделі жұмыс. Сондықтан команданың үйлесімді әрекеті өте маңызды. Соңғы жылдары Андрей Мельниченко қоры М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің химия факультетімен бірге Менделеев олимпиадасының бірлескен ұйымдастырушысы болып отыр. Олимпиаданы өткізу күні мен орнын таңдаудан бастап және марапаттарды тапсыру мен қатысушыларды шығарып салуға дейінгі көптеген ұйымдастырушылық мәселелерді бірге шешеміз.
Бұл ретте ХМО-ны әдістемелік қамтамасыз етуді толығымен химия факультеті, негізгі қаржылық жүктемені Қор өз мойнына алады. Дегенмен Олимпиаданы қабылдаушы ел тарапынан да іс-шараға үлкен қолдау көрсетілетінін айта кету керек: бұл Олимпиаданы өткізу алаңдарымен жұмысты, экскурсиялар ұйымдастыруды, волонтерлердің көмегін және тағы басқа іс-әрекетті қамтиды.
Бұл ретте біз қазылар алқасы мен әдістемелік комиссияның жұмысына мүлде араласпайтынымызды атап өткім келеді. Төрешілік бейтарап, әділ және тәуелсіз болуы керек. Бұл біздің принципті ұстанымымыз.
- Олимпиадаға қалай қатысуға болады?
– Ұлттық химия олимпиадасында жеңіске жетіп, ұлттық құрамаға кіріп, соның құрамында қатысуға өтініш жолдау керек.
– Жеңімпаздарды қандай марапаттар күтіп тұр? Олардың алдында қандай мүмкіндіктер ашылады?
– Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді қола, күміс және алтын медальдар, сондай-ақ Андрей Мельниченко қоры белгілеген 2 миллион рубль көлеміндегі академик Валерий Васильевич Лунин атындағы сыйлық күтіп тұр. Биыл бұл марапат төртінші рет табысталады. Екі рет бұл сыйлықты ресейлік оқушылар, бір рет Румыниядан келген оқушы иеленді. Биыл кім жеңетінін уақыт көрсетеді.
Бұдан бөлек біз жақын арада басқа елдерден келген ХМО жеңімпаздары ресейлік жоғары оқу орындарына түсу кезінде жеңілдіктерге сенім арта алады деп үміттенеміз. Бұл бастама қазір тиісті министрліктерде де, Мемлекеттік Думада да қызу талқыланып жатыр.
– Биыл олимпиадаға қатысушыларды қандай жаңалықтар күтіп тұр?
– Былтыр Менделеев олимпиадасы Өзбекстанда өткен кезде біз алғаш рет түрлі елдердің мұғалімдерінің кәсіби тәжірибе алмасуына қатысты бөлімді бағдарламаның жеке трекіне айналдырдық. Бұл өте нәтижелі болды: Еуропа мен Азиядағы химияны оқытудың озық тәжірибелерінің тұсаукесері болды, дөңгелек үстелдер аясында қордаланған мәселелер мен онлайн оқытудың жаңа тәжірибесі талқыланды. Қазақстанда кәсіби пікірталастар жаңа деңгейге шығады деп сенеміз.
– Соңғы жылдары олимпиаданың финалында қай елдер тұрақты көш бастап келеді?
– Көшбасшылар қатарында халықаралық химия олимпиадасындағыдай ресейлік мектеп оқушылары бар. Кеңестік химия мектебінің дәстүрлері күшті елдер – Беларусь, Қазақстан, Өзбекстанның жас химиктері жақсы нәтижелер көрсетіп жүр. Израиль мен Түркиядан келген балалардың нәтижелері де тұрақты өсіп жатыр. Венгрия мен Қытай оқушылары да үнемі жоғары көрсеткіштерге ие.
– Өткен жылдардағы Менделеев олимпиадасының қатысушылары мен жеңімпаздарының жетістіктерін бақылап отырасыздар ма?
– Біз ешкімді бақыламаймыз, бірақ көбімен байланыс ұстап тұрамыз. Менделеев олимпиадасы – бұл ерекше атмосферасы бар айрықша орта. Оның дәстүрін көп жыл бұрын академик Валерий Васильевич Лунин қалыптастырған. Ол өзінің академиялық дәрежесіне қарамастан қарапайым, ашық және мейірімді азамат болған және мұндай адамдар әрқашан өзіне тартып тұрады.
Менделеев олимпиадасының қатысушысы атанған адам бізге тек қатысушы ретінде ғана емес, қазылар алқасының мүшесі, топ жетекшісі немесе спикер ретінде қайта келгісі келуі үшін бәрін жасаймыз. Бұл қолымыздан келіп те жатыр.
Жетістіктерге келетін болсақ, бұл кез келген мәртебеде үздіктердің үздіктері: үздік мектеп оқушылары, олимпиаданың үздік жаттықтырушылары, жетекші химик ғалымдар. Бұл өз саласында жетістікке жеткен адамдар екені сөзсіз.