АСТАНА, 26 сәуір – Sputnik. Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова жетімдерге арналған баспана кезегін сынға алды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Депутаттың ақпаратынша, бүгінгі таңда жетім өскен және кәмелет жасына толған 62 351 адам баспана кезегінде тұр. Тәуелсіздік жылдары ішінде оларға небәрі 8 444 тұрғын үй бөлінген.
"Бұл тек тегін баспана ғана емес, арасында сатып алынатын үйлер де бар. Яғни кезекте тұрғандар дәл қазіргі жағдайда түрлі бағдарламалар бойынша тек 120 жылдан кейін ғана баспаналы болу немесе оны сатып алу құқығына ие болады", - дейді Смирнова премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдаған депутаттық сауалында.
Оның айтуынша, Петропавлда 1,5 мың пәтердің табылғаны, Қарағандыда әлеуметтік осал топтарға арналған тұрғын үйлерді мемлекеттік қызметкерлерге заңсыз бөліп беру және басқа да фактілер жетімдерге арналған баспана бар екенін, бірақ оны шенеуніктер уысынан шығарғысы келмейтінін көрсетеді.
Смирнова мұны қиын жағдайларға байланысты жетім қалған азаматтарға жасалған әділетсіздік деп санайды.
"Осыған байланысты Халық партиясы тұрғын үй ваучерлерін, баспанамен тікелей қамтамасыз ету, жекешелендіру құқығымен арендалық баспана беру және басқа да әдістер арқылы азаматтардың осы санатын үймен қамтамасыз ету мүмкіндігін тез арада қарастыруды ұсынады. Мемлекет өз балаларының алдындағы қарызын қайтаруға тиіс", - дейді депутат.
Бұған қоса ол шетелден қайтарылған 670 млрд теңгенің есебінен жетімдерді баспанамен қамтамасыз ету мүмкіндігі табылатынына сенімді.