Патологияның белгілері ерте және кеш кезеңдерінде және адам жынысына байланысты әртүрлі болуы мүмкін.
Қабыну кез келген жаста болуы мүмкін. Бірақ көбінесе 10-19 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерде аппендицит диагнозы қойылады. Ал жедел хирургиялық патологиялардың 89,1%-ін аппендицит құрайды.
Соңғы 10-15 жылдағы статистика жасөспірімдер мен жастар арасында аурудың таралуы 5%-ке төмендегенімен, 30-69 жастағы науқастар арасында 6%-тен астамға өскенін көрсетеді. Ал аппендицитке шалдыққан жасөспірімдер арасында қыздар көп болса, ересектер тобында бұл диагнозды көбіне ер адамдарға қояды.
Аппендицит деген не
Аппендикс – бұл соқыр ішек деп те аталатын тоқ ішектің өсіндісі. Соңғы уақытқа дейін аппендиксті рудимент деп санады. Дегенмен соңғы зерттеулер бұл иммундық жүйенің маңызды бөлігі және ағзаға инфекциямен күресуге көмектесетін орган екенін көрсетті.
Аппендикс ішектің тепе-теңдігін және дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін пайдалы микробиоманың өкілдері жиналатын орын деген пікір бар.
Соқыр ішектің қабынуы аппендицит деп аталады.
Аппендицит себептері
Аппендицитті полиэтиологиялық ауруға жатқызуға болады. Яғни қабынуға әкелетін бірнеше фактор бірден әрекет етеді. Клиникалық тәжірибеде оның асқынуының бірнеше себебі бар. Атап айтқанда, ішек ойығының жабылуы және ауру тудыратын микрофлораның енуі, оның белсенді көбеюі.
Нәжіс массалары, бөтен денелер, жаңа түзілістер, паразиттер өсіндінің ойығын жабуы мүмкін. Жабылу орнында шырыш жиналады да, мұнда микробиома көбейе бастайды. Өсіндінің тарылуы мен қысылуы қан айналымы, лимфа ағыны процестерін бұзады да, бұл қабынудың және аппендикс тіндерінің некрозы жылдам асқынуына әкеледі.
Кейбір мәліметтерге сәйкес, іш қатудан зардап шегетін адамдарда аппендицит қаупі жоғары. Бұл нәжіс тастарының пайда болуына және соқыр ішектің ойығын жабуға бейім. Сондай-ақ ақуыз тағамдарын шамадан тыс тұтынатын және жасұнықты тағамдарды сирек қабылдайтын адамдар қауіп тобында болады. Өйткені, дәл осы жасұнық ішек жиырылуын реттейді.
Аппендицит белгілері
Кенеттен ауырсыну пайда болады. Ауырсыну аумағы кіндік тұсын, іштің оң жақта төменгі бөлігін қамтиды. Жүрек айну, жиі құсу пайда болып, дене температурасы қалыпты немесе 37-38 градус деңгейінде болады.
Соқыр ішектің өзі іштің төменгі оң жағында орналасқан. Жедел ауырсынудың қалыптасуы классикалық белгілердің бірі болып табылады. Ауырсыну кіндік аймағында шоғырланып, ауру асқынған сайын іштің төменгі оң жақ бөлігіне ауысады. Қозғалыс, терең дем алу, жөтелу немесе түшкіру кезінде қысқа уақытқа ауырсынудың өршуімен сипатталады.
Аппендицитке тән басқа белгілерге мыналар жатады:
жүректің айнуы, құсу;
тәбеттің төмендеуі немесе толық болмауы;
іш қату немесе диарея;
метеоризм, іштің ауырып кебуі;
дене қызуы, қалтырау, интоксикация белгілері;
үлкен дәретке барғысы келу.
Алайда мұндай белгілер аппендициттің 50%-інде ғана қалыптасады. Кейбір науқастарда симптомдар бәсеңдеу байқалуы немесе ауырсыну мүлдем болмауы мүмкін. Сонымен қатар ерлер мен әйелдердегі белгілер әртүрлі болуы ықтимал.
Әйелдерде аппендицит белгілері іште өткір ауырсынудың пайда болуы, жүрек айнуы, құсу және дене қызуының көтерілуімен сипатталады. Аурудың енді басталып жатқан шағында түйіліп немесе тартылып сезілетін ауырсынуды гинекологиялық проблема ретінде қарастыруы мүмкін. Бірақ уақыт өте келе ол бүкіл ішке таралып, толғақ іспеттес сипатта дамиды. Мұндай белгілер көбінесе адам өзін қалыпты сезінетін кешке немесе түнде пайда болады.
Жүктілік кезіндегі аппендицит тіпті басқаша сипатта жүруі мүмкін. Бірінші триместрде ауырсыну іштен жоғары аумақта байқалып, белге және екі бүйірге ығысуы мүмкін. Бұл жанды қинайтын жүрек айнуға және құсуға себеп болады.
Ер адамдарда аппендициттің клиникалық көрінісі адам жасына, аурудың түріне және кезеңіне байланысты болады. Бірақ өткір қабыну кезінде жиі іште қатты ауырсыну туындайды. Әдетте ерлерге тән симптомдар қатарында оң жақ аталық бездің өздігінен тартылуы бар. Ұманы тартқан кезде ануста ыңғайсыздық пен ауырсыну және үлкен дәретке баруға деген айқын белгі пайда болады.
Аппендицит диагностикасы
Аппендицит диагностикасы алгоритм бойынша жүзеге асырылады. Ең алдымен белгілеріне шолу жүргізеді. Дәрігерлер қашан және қандай белгілер пайда болғанын, олардың қалай дамығанын және қаншалықты ұзаққа созылғанын, бұл белгілер туындаудың алдында не болғанын егжей-тегжейлі сұрайды. Бұл көрсеткіш дифференциалды диагностика тұрғысынан өте маңызды. Яғни бір ауруды екіншісінен ажыратуға мүмкіндік береді.
Денсаулықтан басқа да проблемаларды, ауыр асқынуларға әкелетін немесе аппендициттің дамуына себеп болатын факторларды ескеру маңызды:
жақында ғана іш аумағында жасалған медициналық манипуляциялар мен операциялар;
дәрі-дәрмектерді немесе қоспаларды қабылдау;
теріс әдеттер, алкогольді шамадан тыс пайдалану, есірткі және т.б.
Осы сұрақтарға жауап алғаннан кейін ғана аппендицитті білдіретін нақты белгілерді тексеруге және анықтауға кіріседі. Пальпация, басқаша айтқанда, іш қуысын қолмен басып тексеру ауырсынудың орналасуы мен қарқындылығын және оның сипаттамаларын анықтауға көмектеседі. Жамбас пен тік ішекті тексеру қажет болуы мүмкін.
"Қорытынды диагнозды зертханалық және визуалды зерттеу әдістерінің көмегімен ғана қоюға болады. Қан мен зәр талдауы қабыну белгілерін анықтауға көмектеседі", - дейді хирург, эндоскопист дәрігер Тарас Щедловский.
Клиникалық жағдайға байланысты визуалды тексеру әдістері қажет болуы мүмкін. Бұл асқазан қуысы органдарын ультрадыбыстық тексеру, КТ немесе МРТ. Осы деректерге сүйене отырып, ілеспе аурулар немесе асқынуларды көруге болады:
аппендикстің жағдайын анықтау және оның тұтастығын бағалау;
қабыну белгілерін анықтау;
аппендикс ішінің бітелуін бағалау;
абсцесс немесе басқа асқынуларды анықтау.
Аппендицитті емдеу
Аппендицит – шұғыл емдеуді қажет ететін жедел хирургиялық патология. Әйтпесе, өсінді жарылып, оның ішіндегі заттар іш қуысына төгіліп, қауіпті асқыну – перитонит басталады. Аппендицитті уақтылы алып тастау – өмірге қауіп төндіретін ауыр асқынулардың алдын алудың жалғыз жолы.
Аппендицитті хирургиялық жолмен емдеу ең кең таралған. Бірақ кейбір жағдайларда патологияны дәрі-дәрмекпен емдеу де кездеседі. Дегенмен 2011 жылғы зерттеу көрсеткендей, алдағы уақытта асқынулардың алдын алу бойынша емдеудің ең сенімді әдісі хирургия болып табылады.
Аппендицитті алып тастау әдісін аппендэктомия деп атайды және ол 2 жолмен орындалады: классикалық – құрсақ қуысына жасалатын ота және лапароскопиялық, яғни үлкен кесусіз орындалатын ота. Осы әдістердің әрқайсысының өзіндік сипаттамалары, көрсеткіштері және оны орындауға қарсы тыйымдары бар.
Мысалы, құрсақ қуысты ота мына жағдайларда жасалады:
өсіндінің жарылуы және оның ішіндегі заттар іш қуысына төгілсе;
жыртылу абсцесс тудырса;
қатерлі ісікті процестер аппендициттің себебі болса;
бұрын құрсақ қуысы органдарына көп ота жасалса.
Заманауи емдеу әдістері
Лапароскопиялық операциялар емдеудің ең заманауи әдістері болып саналады. Бұл әртүрлі себептерге байланысты емдеудің басым әдісі ретінде қарастырылады: инвазивтіліктің аздығы, қалпына келу жылдамдығы және асқынулар сиректігі.
Операцияның өзі наркоз арқылы орындалады және келесі кезеңдерді қамтиды:
хирург аппендикске жетуге болатын шағын кесулер жасайды;
ота жасауға мүмкіндік беретін жарығы бар камераны енгізу;
басқа құралдар арқылы өсіндіні алып тастайды;
инфекциялық материалды зарарсыздандыру үшін ота аумағын өңдеу;
операция жасалған аумақты тексеру және операция орнын тігу.
Аппендициттің алдын алу жолдары
Ешкім аппендициттің пайда болуынан сақтандырылмаған. Алайда дұрыс тамақтану қағидаларын ұстану оның туындау ықтималдығын азайтуға көмектеседі.
Тамақтану кезінде жасұнықты, жаңа піскен көкөністер мен жемістерді, сүт өнімдерін жиі тұтыну ішектің қалыпты жұмысын сақтайды, іш қатуды болдырмайды және аппендикс ойығының нәжіс массаларымен бітелу ықтималдығы төмендейді.
Жиі қойылатын сұрақтарға жауап
Аппендицит – ауыр асқынулармен және оңалтудың ерекше кезеңімен байланысты кең таралған хирургиялық патология. Асқынулар, тамақтану және операциядан кейінгі оңалту кезеңі туралы ең жиі қойылатын сұрақтарға патофизиолог, иммунолог дәрігер Алена Парецкая және хирург, эндоскопист дәрігер Тарас Щедловский жауап берді.
Аппендицит несімен қауіпті?
- Бұл жедел хирургиялық патология денсаулыққа ғана емес, сонымен қатар адам өміріне де қауіп төндіреді, - дейді дәрігер Алена Парецкая. – Патология асқынып, ірің жинала бастағанда соқыр ішектің қабырғасы жарылып, ішіндегісі құрсақ қуысына түседі. Статистикаға сәйкес, мұндай жарылу ауру жағдайының 17-32%-інде кездеседі. Ал өлім көрсеткіші барлық анықталған жағдайдың 0,13%-ін құрайды.
"Тағы бір проблема – диагностиканың күрделілігі, - дейді эндоскопист дәрігер Тарас Щедловский. - Симптомдар көптеген факторға байланысты: адамның жынысы, жасы, организм жағдайы, анатомиялық ерекшеліктері, ішкі ағзалардың орналасуы, өсіндінің орналасуы, ілеспе аурулар. Аппендицит кезінде болуы мүмкін немесе болмауы мүмкін 20-дан астам симптом бар.
Аппендицит өздігінен жазылуы мүмкін бе?
- Жоқ, өздігінен жазылады деп күту ауыр асқынулардың ықтималдығын арттырады, - дейді Алена Парецкая. – Дегенмен ел арасында аппендицит өздігінен жазылды деген пікір әлі де кең тарағанымен, бұл шындыққа жанаспайды. Мұндай жағдайларда көбіне диагноз дұрыс емес қойылады немесе осы симптомдар мүлде басқа аурудың белгісі болады.
Аппендицит кезінде қандай асқынулар болады?
Емдеуді кешіктіру асқынулардың ықтималдығын айтарлықтай арттырады. Жарылу алғашқы симптомдар басталғаннан кейін 48-72 сағаттан кейін болуы мүмкін.
- Іріңді перитонит науқастардың 1%-інде кездеседі, бірақ перфорацияланған аппендицит кезінде науқастардың 8-10%-інде анықталады. Перитонит асқынған аппендицит кезіндегі өлімнің негізгі себебі болады, - дейді дәрігер Тарас Щедловский.
Қабыну процесінің бауыр көктамырына ауысуы кезінде сарғаю, гепатомегалия пайда болады, бауыр-бүйрек жұмысының жеткіліксіздігі дамиды да, бұл өлімге әкеледі.
Аппендицит кезінде дәрігерді үйге қашан шақыру керек?
- Егер симптомдар 20 минут ішінде өздігінен кетпесе және уақыт өткен сайын күшейіп, айқын біліне бастаса, дәрігерге жүгіну керек, – деп кеңес береді дәрігер Тарас Щедловский. – Аурудың асқынуы мен өлім-жітім ең алдымен аурудың басталуынан операцияға дейінгі уақытқа байланысты болады. Ұзақтығы 2 күннен асқан жедел аппендицит кезінде асқынулар пайда болады.
Аппендициттен кейін диета ұстану керек пе?
- Ота жасалғаннан кейінгі кезеңдегі диета газ, ішек ішіндегі заттармен ішектің созылуын болдырмау және отадан кейінгі тігіс орындарының ажырап кетуінің, жалпы операциядан кейінгі асқынулардың алдын алу үшін қысқа мерзімге тағайындалады, - дейді дәрігер Щедловский.
- Операциядан кейін белгілі бір тамақтану ұстанымдарын сақтау керек, - деп түсіндірді патофизиолог дәрігер Алена Парецкая. – Ота жасалғаннан кейінгі алғашқы бірнеше күнде адамның тамақтанғысы келмейді. Өйткені ағза қалпына келуге энергия жұмсайды. Осы кезеңде аздаған мөлшерде су ішуге, ал қатты ашыққан жағдайда аз мөлшерде сұйық сорпа немесе қайнатылған күріш суын ішуге рұқсат етіледі.
Отадан кейін 3-4 күн өткен соң майсыз тауық сорпасын, суға қайнатылған күріш, сары май мен сүт қосылмаған көкөніс езбесін, табиғи қышқылды сүт өнімдерін жеуге болады.
Ас қорыту жолын шамадан тыс жүктемеу үшін күніне 5-6 рет аздаған мөлшерде тамақтану ұсынылады. Алдағы уақытта ағзаның қалпына келу жылдамдығы мен ерекшелігіне байланысты тамақтану бойынша ұсыныстар беріледі.
Аппендицитті алып тастағаннан кейін қанша уақыттан соң жыныстық қатынасқа түсуге болады?
- Егер аурудан кейін қандай да бір асқынулар туындамаса, орта есеппен 10-12 күн бойы, яғни тігіс орны қалпына келгенге дейін жыныстық қатынастан бас тарту қажет, - дейді эндоскопист дәрігер Тарас Щедловский. – Осы уақыттан кейін де құрсақ қуысына шамадан тыс жүктеме түсірмеуге тырысу керек.