Үш отбасы "Таразэнергоорталығының" 4 млрд теңге қаржысын жымқырған

Sputnik
АСТАНА, 25 сәуір – Sputnik. Сот "Таразэнергоорталығы" АҚ экс-басшысы Бақберген Мәуленовке қатысты үкім шығара алмай отыр. Өйткені үйқамақтан қашып кеткен күдікті әлі ұсталған жоқ. Дегенмен жылу орталығын тонаған баласы мен туыстары бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан КТК арнасына сілтеме жасап.
Судья Айдарбек Замбаевтың айтуынша, осы істің басты фигуранты Мәуленовке қатысты сырттай үкім шығару мүмкін емес. Себебі оның шетелге қашып кеткені туралы нақты ақпарат жоқ.
"Сырттай үкім шығарылмайды. Ол Қазақстаннан шыққан жоқ. Шыққаны жөнінде мәлімет жоқ. Елде. Оған қатысты іс бөлектеніп, іздеу жаряланды. Орындауға жолданды, ұсталған кезде іс келіп түседі", - дейді Замбаев.
Сот материалдарына сәйкес, 9 адам жылу тарату мекемесінің қаражатын талан-таражға салған. Мәуленов үйқамақтан қашып кетсе де, қалған сегіз адамға сот үкім кесті. Алды 9, соңы 3 жылдан жаза арқалады. Ең ұзақ мерзімге Мәуленовтың ұлы сотталды.
Ұйымдасқан топ бірнеше компания арқылы жалған құжаттар әзірлеп, мекеменің 4 миллиард теңгеге жуық қаражатын ұрлаған. Арасында Мәуленовтың баласы Рахат Бөлдештің фирмасы да бар. Ол қалтаға басқан қаражаттың шамамен жартысын қайтарыпты. Дегенмен жазасы жеңілдетілген жоқ.
Сотталушылардың бәрі сот үкімімен келіспейді. Олар апелляциялық шағым түсіруі мүмкін.
Айта кетейік, жауапқа тартылғандардың арасында әкелі-балалы үш отбасы бар.