"Дипломмен – ауылға" қатысушылары кредиттерін Отбасы банк арқылы өтейтін болады

Sputnik
АЛМАТЫ, 25 сәуір – Sputnik. "Дипломмен ауылға" жобасының қатысушылары 1 мамырға дейін банктің клиенті болып үлгеруі қажет. Әйтпесе, заемды уақытында өтеу мүмкін болмайды және несие бойынша төлемді кешіктіру қаупі туындайды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан ұйымның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Елімізде "Дипломмен ауылға" жобасы өз жұмысын бастағалы бері 38 мың қазақстандық бюджеттік несие алған екен.
"Біз бұл клиенттік базаны бағдарламаның бұрынғы операторынан алдық. Заң бойынша, осы несиелерге қызмет көрсетуді жалғастыру үшін қарыз алушылар "Отбасы банкінен" шот ашулары қажет. Клиенттерді хабардар етпей, олардың келісімінсіз біз оны өз бетімізше ашуға құқығымыз жоқ. Сондықтан, "Дипломмен ауылға" жобасының барлық қатысушыларын 2023 жылдың 1 мамырына дейін жеделдетіп, ағымдағы шот ашып, банк клиенті атанып үлгерулерін сұраймыз. Сонда кез келген екінші деңгейлі банктен клиент осы ағымдағы шотты толықтырып, сол арқылы несиесін өтей алады, - деп түсіндірді "Отбасы банк" АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшанов.
2023 жылдың 1 сәуірінен бастап Ұлттық экономика министрлігінің шешімімен Отбасы банк "Дипломмен ауылға" жобасының сенімді агенті болып тағайындалды. Бұл жобада тұрғын үй сатып алуға немесе салуға несие беру және көтерме жәрдемақы төлеу қарастырылған. Бағдарламаға ауылдық жерлерге енді ғана келген және онда бірқатар кәсіп бойынша жұмыс істейтін кез келген жастағы қазақстандықтар қатыса алады.
Олар: денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт, агроөнеркәсіптік кешен мамандары, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілері (әкімдер мен әкімдердің орынбасарларын қоспағанда).
Аудандық әкімдіктер мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдіктері жыл сайын өз елді мекенінде аталған мамандықтар бойынша талап етілетін қызметкерлердің тізбесін қалыптастырады. Дәл осы тізім аясында жеңілдетілген кредиттер беріледі.
Қарыздың ең жоғары сомасы 1 500 АЕК-ке дейін, кредит бойынша мөлшерлеме 0,01%-ға тең. Қарыз маман жұмыс істейтін елді мекенде тұрғын үй сатып алуға немесе салуға беріледі. Кредиттің ең көп мерзімі – 15 жыл. Негізгі талап – жобаға қатысушы ауылдық жерде мамандығы бойынша 3 жыл жұмыс істеуі керек.
Жәрдемақы мен бюджеттік кредит алуға өтінішті бір мезгілде беруге болады.
Азаматтардың уақытын үнемдеу және оларға осы мемлекеттік қолдауды алу процесін жеделдету үшін "Дипломмен ауылға" жобасы цифрлық форматқа ауыстырылды. Қазақстандықтардан жаңа өтінімдер otbasybank.kz жылжымайтын мүлік порталында онлайн режимде қабылданады.
"Дипломмен ауылға" жобасы бойынша өтінімдерді қабылдаудың басталатын күнін банк қосымша хабарлайды. Ал, банк клиенті болудың бірнеше жолы бар:
Otbasy bank мобильді қосымшасын жүктеп алып, оны ағымдағы шот пен депозит ашу үшін пайдалану;
ұялы телефоннан 300 нөміріне тегін қоңырау шалу;
жақын жердегі банк бөлімшесіне немесе кеңес беру орталығына хабарласу.
Банк клиенті атанған қазақстандықтарға несие шарттары бойынша еш өзгеріс енгізілмейді, олар заемдарын төлеуді жалғастыра береді.