Дәрігерлер 6 сағаттан аз ұйықтайтын адамның өміріне қандай қауіп төнетінін айтты

Психологтар қанша ұйықтаса да ұйқының қанбауын күйзеліспен байланыстырса, дәрігерлер денсаулықтың нашарлығынан көреді
Sputnik
АСТАНА, 25 сәуір – Sputnik. 6 сағаттан аз ұйықтайтын адам ерте қайтыс болу мүмкін. Өйткені түнде ең маңызды гормондар бөлінеді. Ал адам 12-ден кейін ұйықтаса, оның иммунитеті төмендейді. Ауруға шалдығады, денесін шаршаңқылық басады, деп хабарлады "Астана" арнасы.
"10-да жатып, таңертең 7-де тұруға организмді үйретсе, міндетті түрде адамның ұйқысы қанады. Біз заман талаптарына сәйкес, белсенді өмірімізге байланысты, қазір біз смартфонды көп қолданамыз. Ұйқының алдында дұрыс тамақтанбаймыз. Немесе кофеин қолдануымыз мүмкін. Көп су ішуіміз мүмкін. Осындай ұйқы гигиенасын сақтамау, адам ұйқысының қанбауына әкелуі мүмкін", - дейді дәрігер Жаниба Ерболатқызы.
Әлемдегі 8 миллиардқа жуық адамның төрттен бірі ұйқысыздықтан зардап шегеді. Әсіресе, көктем мезгілінде адам әлсірейді. Басын жастық тартып, ешнәрсеге зауқы соқпайды.
Психолог Гүлдана Нұрболатқызы оның себебін былай түсіндірді: "Адам қатты күйзеліске түскен кезде, бойындағы стрестен арылу үшін көбіне көп тамақ ішеді немесе ұйқыға бейім болады".
Өміріміздің үштен бір бөлігі ұйқыдан тұрады. Егер сіз 90 жыл өмір сүрсеңіз, оның 30 жылы ұйқымен өтеді. Адам күніне 8, айына 240 сағат, жылына 120 күн демалады. Осының өзінде үнемі ұйқысырап жүретіндер бар. Мамандар оларға спортпен айналысып, дұрыс тамақтануға кеңес береді. Тіпті уақытылы оятатын арнайы мобильді бағдарламаны қолдануды ұсынады.