Жаһандық билік Вашингтонның уысынан шығып бара жатқаны Ресейдің арнайы әскери операциясының аралық қорытындысы болды. АҚШ Украинаны қолдау бойынша батыстағы одақтастарын жұмылдыра алғанымен, мұның барлығы қысым, дау, арақатынастың бұзылуы арқылы жасалып жатыр, деп жазды РИА Новости.
Бірақ бір уақытта Вашингтон өзінен ондаған басқа, батыстық емес елді бездіріп тастады. Олар америкалық үстемдік ықпалынан азат болып, әрқайсысы өзіне ыңғайлы тарапқа жақындады. Вашингтон жан-жағына қарап, жалғыз қалғанын түсінді.
Себебі экономикалық тораптар арқылы АҚШ-пен тығыз байланысты болып көрінетін Қытай Мемлекеттік хатшы Блинкенге жеткілікті деңгейде көңіл аудармады. Вашингтон ондаған жыл бойы ымыраға келуге тырысқан Үндістан оның Украинаға қолдау көрсету туралы үндеулерін елемейді. Америкалықтар үстемдік еткен Африка Ресеймен экономикалық және әскери ынтымақтастықты дамытты.
Америкалықтар жарты ғасыр бойы қарым-қатынас құрып келген Сауд Арабиясы мұнай өндіруді қысқартудан бас тартып, өз мұнай экспортын долларсыздандыруға кірісті. Америкалықтар тіпті өздерінің протектораты деп санайтын Латын Америкасы елдері де қақтығыс тудыруға болмайтыны туралы Ақ үйге наразылық білдіріп, Қытай және Ресеймен татулықты дамытуға бет алды.
"Түркияның да күтпеген жерден өз мүддесін табылды. Нигерия, Индонезия мен Бразилияда да осы жағдай. Олардың ешқайсысы Вашингтонның Украина арқылы Ресейді тежеу әрекетін қолдамайды. Мұның барлығы АҚШ әлі де әлемдегі өте бай және озық армиясы бар ел мәртебесін сақтап тұрған шақта болып отыр. Авиатасымалдағыштар да орнында. Мистер Блинкен де ешқайда кеткен жоқ. Америкалықтардың үстемдік саясаты қай кезе және қай жерден мүлт кетті?", - деп жазылған материалда.
Мақала авторы жазғандай, бір жағынан, әлем елдерінің көшбасшылары украин жеріндегі әскери іс-қимылдардан Вашингтонның Мәскеуге ашық шабуылын көріп отыр. Сондықтан олар Ресейдің орнында келесі жолы өз мемлекеті болуы ықтимал екенін түсінеді. Екінші жағынан, Мәскеудің Батысқа тиесілі әскери ресурстарды сәтті қиратуы үміт сыйлап отыр. Ресей әскери де, экономикалық та қысымға берік қарсы тұрып, өз ұстанымынан қайтпай отыр. Бұл әлем елдерінің АҚШ-тың күшіне қатысты күмәнін тудырып, қысымның барлығы бос сөз болуы мүмкін екенін аңғаруына әсер етті.
"Батыс пен әлемнің басқа елдері арасындағы алшақтық Украинадағы соғысты басқаша түсінуден де тереңірек. Оның себебі – қырғи-қабақ соғыс аяқталғаннан бері жинақталған Батыстың жаһандануға жетекшілік етудегі қателіктеріне қатты наразылық", - деп жазды Ұлыбританияның бұрынғы сыртқы істер министрі Дэвид Миллибэнд Foreign Affairs журналындағы мақаласында.
Миллибэнд мырза бұл жаһандық көтеріліс Американың "ережеге негізделген тәртібін" бұзу қаупін төндіретінін, себебі "әлем халқының үштен екісінен астамы Ресейді қолдайтын немесе оған бейтарап ұстанымдағы елдерде тұратынын" мойындайды.
Миллибэнд америкалық үстемдікті сақтап қалу үшінАҚШ-қа Жаһандық Оңтүстік елдеріне көбірек ақша құюға және БҰҰ-ны реформалауға кеңес берді. Бірақ АҚШ-та дамушы елдерге қамқорлық жасауға жеткілікті ақша жоқ. Оның үстіне, Жаһандық Оңтүстіктің ашу-ызасының себебі ішінара ғана экономикалық сипатта. Өйткені олар негізінен англосаксондар басқа елдердегі қақтығыстардан пайда көруімен қатар, тоналған тарапқа өзін қалай ұстау керектігін, не айту керектігін және қалай ойлау керектігін үйретуіне наразы.
"Дамушы елдер бүгінде қарқынды дамып келеді. Олардың өз орта табы, білімді, ақылды, көзі ашық жастары бар. Бұл адамдар ең алдымен батыстық менмендікке жек көрінішпен қарайды. Олар батыстағылардың басқа халықтың жеке өміріне, сеніміне, мәдениетіне араласуын сөгеді", - деп жазды мақала авторы.
Миллибэнд өз мақаласында АҚШ-тың Ресейді тежеу бойынша іс-қимылдары кезінде бейтараптылық ұстанып отырған елдерді қатты сөккен. Алайда бразилиялық саясаткер Матиас Спектор бұл елдерді қорғап, "олардың державалар қақтығыснда аман қалуды көздеп отырғанын" жазды.