Министрлік ересектерге арналған сайтқа бағыттайтын оқулық туралы пікір білдірді

6-сыныпқа арналған "Жаратылыстану" оқулығының "Жасуша әлеміне экскурсия" параграфындағы тақырыпқа сілтеме оқушыларды ересектерге арналған сайтқа өткізеді. Оқу-ағарту министрлігі осыған қатысты түсініктеме берді
Sputnik
АСТАНА, 24 сәуір – Sputnik. 6-сыныптың "Жаратылыстану" оқулығында оқушылар тапсырманы орындау барысында ересектерге арналған күмәнді танысу сайттарына апаратын сілтемеге тап болды.
Оқу-ағарту министрлігі бұл қатені мойындап, енді сайттарға сілтеме берілген барлық кітапты тексеруді жоспарлап отырғандарын айтты.
Оқулық мемлекеттік сараптамадан өтіп, 2017 жылы орыс тілінде оқытатын мектептерде пайдалануға рұқсат алған.
"33 параграфтағы "Жасуша әлеміне экскурсия" тапсырмасында оқушыға жасуша органоидтарының функциясын анықтау үшін анықтамалық деректер мен интернет ресурстарын пайдалану ұсынылады. Ықтимал сайттардың бірі ретінде "biofile.ru" сайты көрсетілген. Сараптама жүргізген кезде бұл "Биофайл" ғылыми-ақпараттық журналының веб-сайты болды. Орталықты тексеру барысында сайт қазіргі уақытта жұмыс істемейтіні анықталды. Алайда браузерде және телефон арқылы сайт атауын тікелей теру күмәнді танысу сайттарына қайта бағыттайды", - деп жазылған оқу-ағарту министрлігі жанындағы республикалық ғылыми-тәжірибелік сараптама орталығының хабарламасында.
17 ақпан мен 9 наурызда сайт әкімшісі оның атауына күмәнді сайттарға қайта бағыттайтын жаңа URL мекенжайын (электронды пошта мекенжайы) тіркеді.
Министрлік хабарлағандай, орталық құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдарға тиісті сауал жолдайды.
Сонымен қатар оқу-ағарту министрлігі баспалармен бірлесіп, қолданыстағы басып шығарылған және электронды нұсқадағы оқулықтарда көрсетілген барлық веб-сайттың сілтемелерін тексереді.
Қазіргі уақытта оқулықта көрсетілген сайт бұғатталған. Алтыншы сыныпқа арналған "Жаратылыстану" оқулығы 2018 жылы "Атамұра" баспасынан жарық көрді.