АСТАНА, 24 сәуір – Sputnik. Ақтөбе қаласында көпқабатты тұрғын үйдің маңынан екі адамның мәйіті табылды.
ІІМ баспасөз қызметінің ақпаратынша, 24 сәуір түнгі екілер шамасында 102 пультіне "Ақтөбе Ажары" тұрғын үй кешенінің жоғарғы қабатынан адам құлағаны туралы хабар түскен.
Оқиға орнына жеткен патрульдік полиция қызметкерлері үйге кірер есіктің алдында екі әйелдің денесін тапты.
Қаза болғандар 31 және 56 жастағы әйелдер екені анықталды.
Қылмыстық кодекстің 105-бабы 2-бөлігі "Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Сондай-ақ жергілікті "Ақтөбе Таймс" сол түні тағы бір қыздың Әбілқайыр хан даңғылында суицид жасағанын хабарлады. Облыстық полиция департаменті 1996 жылғы қыздың 8-ші қабаттан секіріп кеткенін растады. Қайғылы оқиғаның себептері анықталуда.