"Өзенмұнайгаз" АҚ қызметін тексеру бірнеше аптаға созылады

Sputnik
АСТАНА, 22 сәуір - Sputnik. Жаңаөзенде жүрген жұмыс тобы 67 мұнай өндіру және мұнай сервисі ұйымдарының ұжымымен кездеседі, деп хабарлайды "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының баспасөз қызметі.
21 сәуірде Жаңаөзенге қала кәсіпорындарының мәселелерін қарап, талдау үшін келген арнайы жұмыс тобының екінші отырысы өтті.
Отырыс кезінде жұмыс тобын екі шағын топқа бөлу туралы шешім қабылданды. Біріншісі қаржы-шаруашылық және сатып алу қызметін тексереді, ал екінші топ аса өзекті мәселелерді анықтау мақсатында фокус топтармен және жұмыс ұжымдарымен коммуникация орнатуға жауапты болады.
"Кеңес барысында "Өзенмұнайгаз" АҚ бас директоры Нұрдәулет Қилыбай жұмыс тобы өрескел заңбұзушылықтарды анықтаған жағдайда компанияда кадрлық өзгерістер жүргізілетінін атап өтті", - делінген хабарамада.
Кеңестен кейін "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ өкілдері жергілікті жұмысшылар арасында сауалнама жүргізуге кірісті және компанияның бірқатар өндірістік нысанын аралады.
Атап айтқанда, жұмыс тобының мүшелері химия және экология басқармасында, сондай-ақ мұнай айдау басқармасында болды. Қызметкерлер бірқатар техникалық қондырғыны жаңарту қажеттілігі туралы айтып, білікті кадрлардың тапшылығы барын жеткізді.
"Сол күні жұмыс тобының жетекшісі, "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ басқарма төрағасының орынбасары Дәулетжан Хасанов Жаңаөзендегі "БерӘлі Маңғыстау Company" мекемесінің бұрынғы қызметкерлерімен кездесті. Кездесуде Хасанов жалақы мен әлеуметтік пакетті сақтай отырып, "БерӘлінің" бұрынғы қызметкерлерін жұмысқа орналастыру және алдағы уақытта ұзақ мерзімді еңбек шарттарын жасасу жөнінде ұсыныстар айтты. Айтылған сөздерді растау үшін кездесуге қатысқандар тиісті хаттамамен танысып шықты", - деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
Жалпы "Өзенмұнайгаз" АҚ қызметін тексеру жұмыстары бірнеше аптаға созылмақ. Сондай-ақ жақын арада жұмыс тобы 67 мұнай өндіру және мұнай сервисі ұйымдарының ұжымымен кездесуді жоспарлап отыр.