АСТАНА, 21 сәуір – Sputnik. Былтыр сотталғандардың қылмыстық жолмен табылған мүлкін тәркілеу есебінен мемлекетке 9,2 млрд теңге қайтарылды, деп хабарлайды Бас прокуратураның баспасөз қызметі.
Бас прокуратура сотталғандардың, соның ішінде сыбайлас жемқорлық қылмыстары, жымқыру, жалған кәсіпкерлік және салық төлеуден жалтару үшін қылмыстық жауапқа тартылғандардың мүлкін тәркілеудің заңдылығын қадағалайды.
"Былтыр қабылданған шаралардың нәтижесінде ақшаны тәркілеу, жер телімдерін, жылжымайтын мүліктер мен көліктерді қайтару арқылы мемлекетке 9,2 миллиард теңгеден астам шығын өтелді", - делінген хабарламада.
Астана, Алматы және Өскемен қалаларындағы коммерциялық нысандар жергілікті атқарушы органдарға берілді.
Астана, Алматы, Алматы, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау және басқа облыстардағы жер телімдерін, жылжымайтын мүлік объектілерін, өндірістік кешендерді мемлекет кірісіне айналдыру бойынша жұмыстар жалғасуда.
"Биыл 1,5 млрд теңге жиналды. Прокурорлар мүлікті иеліктен шығару туралы келісімшарттарды жарамсыз деп тану туралы 36 талап-арыз беріп, оның 25-і қанағаттандырылды", - деп мәлімдеді Бас прокуратурадағылар.
Жоғарғы сот бас прокурордың наразылығы негізінде Алматы қаласы апелляциялық сотының "Горный Гигант" ықшам ауданындағы жер телімдері мен "RBK Bank" АҚ жымқыру ісі бойынша сотталғандардың көліктерін тәркілеуден босату туралы шешімінің күшін жойды. Нысандар мемлекетке қайтарылды.
Мемлекетке келтірілген материалдық шығынды өтемеген тұлғаларға адамгершілік әрекеттерді негізсіз қолдану фактілері анықталды.
Атырау облысында прокурордың өтінішхатымен 1,5 млрд теңгеден астам шығынды өтемеген азаматты мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы қаулының күші жойылды.
Бас прокуратура бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастырады.