АСТАНА, 21 сәуір – Sputnik. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жасөспірім қыздардың 25 проценті жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырағанын мәлімдеді.
Ол ол ма, елімізде соңғы 5 жылда 33 мыңнан астам жеткіншек бала көтерген. Оның 10 мыңы түсік тастаған, деп хабарлады "Астана" телеарнасы.
Осындай мәселенің алдын алу үшін белсенділер ерте жүктілік туралы деректі фильм түсірді. Жоба авторлары қоғамда жыныстық сауаттың жоқтығы мәселені туындатып отырған басты фактор дейді.
"Жас қыздардың босану статистикасы Еуропамен салыстырғанда алты-жеті есе жоғары. Біз көбіне салдарымен ғана күресеміз. Осы фильм аясында салдарын көрсету арқылы себебін түсіндіруге тырыстым", - дейді фильм редакторы Шырақ Байназар.
Қазақстандағы әрбір алтыншы жүктілік абортпен аяқталады. Оның дені 18 жасқа толмаған қыздар арасында тіркелген. Жасөспірімдердің жүктілігін зерттеумен айналысатын ғалымдар от басқан арулардың басым көпшілігі жақындарынан қолдау таппай, жалғыз қалады дейді.
"Қыздарды ғана емес, ер балаларды да жауапқа тарту керек қой. Бұған кінәлі жалғыз қыз емес. Ата-аналарға да қиын мұндай жағдай болғаны", - дейді қала тұрғыны Сайра Рахымбекова.
Жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік бойынша Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан облысы алда тұр. Одан кейін – Атырау мен Алматы қаласы.