АЛМАТЫ, 21 сәуір - Sputnik. 2023 жылдың екінші тоқсанында Алматы жылу энергетика ортылығы-2 алаңына жабдықтарды жеткізетін, жаңа газ станциясын жобалайтын және салатын мердігер айқындалады. Бұл туралы бүгін "АлЭС" АҚ инвестициялық жобалар жөніндегі басқарушы директоры Дәурен Сағидолла мәлімдеді.
"Біз мердігерді таңдау үшін екі сатылы халықаралық ашық тендер жарияладық. Бұл ірі компания немесе компаниялар консорциумы бірнеше жыл бойы осы жабдықты жобалаумен, тапсырыс берумен, жеткізумен, құрылыспен, іске қосумен және қызмет көрсетумен айналысады", - деді Дәурен Сағидолла.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда өтінімнің бірінші кезеңі қаралды, алты ірі консорциумның ішінен барлық біліктілік талаптарына сәйкес келетін екі компания екінші кезеңге жіберілді.
Тендер қорытындысы мамырдың соңында шығарылады және 2023 жылдың бірінші маусымына дейін EPC-келісімшарт (Engineering, procurement, and construction – Sputnik Қазақстан) жасалады. ЕРС-мердігерді таңдау үшін халықаралық конкурс Еуропалық Қайта Құру және Даму банкінің ережелеріне сәйкес өткізіледі.
"Самұрық-Энерго" компаниясының мәліметінше, құрылыс-монтаж жұмыстары осы жазда басталады.
Бірінші кезекте 200 мегаватт бу-газ қондырғысын орнату көзделген. Дәурен Сағидолла бұл жұмыс 2024 жылдың желтоқсанына дейін тапсырылатынын айтты.
Жаңа газ электр станциясының құрылысы 2026 жылы аяқталады, станцияның толық қуаты-600 МВт.
"Бүгінгі таңда негізгі инфрақұрылымдық мәселелер шешілді - бұл суды жеткілікті көлемде, ал газды уақтылы және жеткілікті түрде жеткізу. Ай сайын жедел кеңес құрып тұрамыз, мердігер келісімшартына қол қойылғаннан кейін бізде құрылыс алаңында жедел штаб болады. Барлық жұмыстар кесте бойынша жүргізіліп жатыр", - деді "АлЭС"басшысы.
Станция пайдалануға берілгеннен кейін 2026 жылы атмосфераға шығатын зиянды заттардың жалпы көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 80%-ға төмендеуі мүмкін және алдын ала болжам бойынша шамамен 2 700 тоннаны құрайды.
Жоба аяқталғаннан кейін Алматы ЖЭО-2 үшін ең үздік қолжетімді технологияларды енгізген нысан ретінде эмиссиялар (зиянды шығарындылар) үшін төлемақы ставкасы 0 теңгеге тең болады.
Еске сала кетсек, Алматы көмір ЖЭО-2 1980 жылы пайдалануға берілген болатын. Станцияның жылу қуаты - 1411 Гкал/сағ, электр қуаты-510 мвт. Бүгінгі таңда станция 72,4% тозған.