АЛМАТЫ, 20 сәуір – Sputnik. Түркістан облысы Ордабасы ауданында оқушы қызды өлтірді деген күдікпен тағы бір адам ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Жантүршігерлік оқиғаға қатысы бар деген екінші күдікті жігіт анықталып, қамауға алынды. Ол - жергілікті тұрғын.
"Күдіктілер өз кінәсін мойындап, қылмыстық әрекетті қалай жасағанын оқиға орнында нақтылап көрсетті. Бүгінгі таңда екі жігіт қамауда отыр. Оларға қатысты Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі (“Адам өлтіру”) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Оқиғаның толық мән-жайы тергеу барысында анықталады. Тергеу ісі Түркістан облысы полиция департаменті басшылығының жіті бақылауында", - деп жазады Polisia.kz.
Еске сала кетсек, Ордабасы ауданындағы суару каналынан 15 жастағы қыздың мәйіті табылған болатын. Қыздың кеудесінен пышақ жарақатының іздері анықталған. Күдікті ретінде 11-сынып оқушысы ұсталған болатын.