АСТАНА, 20 сәуір – Sputnik. Қазақстандық студент "Вагнер" жеке әскери компаниясымен өз еркімен келісімшартқа отырған, деп хабарлады сыртқы істер министрлігі.
Бұған дейін БАҚ-та наурыз айында 23 жастағы қазақстандықты – Томск университетінің студентін әскер жасақтаушылар күштеп алып кеткені туралы жазылған болатын. Ал сәуір айының ортасынан бері ол ұрыс болып жатқан аймақта жүрген көрінеді.
"Қолда бар мәліметке сәйкес, азамат өз еркімен "Вагнер" жеке әскери компаниясымен келісімшартқа отырған. Мәскеудегі елшілік туыстарының алғашқы өтініші бойынша Ресейдің құзырлы органдарына сұрау жолдаған", - деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісіне сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.
Оның айтуынша, ақпарат тексеріліп жатыр. Консул қазақстандықтың туыстарымен тұрақты байланыс орнатқан.