Президент: Маңғыстауда жастар көбіне мұнайшы болғысы келеді, бұл - дұрыс емес

Sputnik
АСТАНА, 19 сәуір – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке Маңғыстау облысында жастардың мұнай саласынан басқа кәсіпті игеруіне жағдай жасауды тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Тоқаевтың айтуынша, Жаңаөзен мұнай-газ саласына ғана қарап отырған моноқала. Сол себепті оны дамыту үшін арнайы кешенді жоспар қабылданды. Оны міндетті түрде жүзеге асыру қажет. Үкімет те бұл жұмысқа жауапты болады.

"Батыста, әсіресе, Маңғыстауда жастар көбіне мұнайшы болғысы келеді. Бұл - дұрыс емес. Мұнай қоры таусылғанда, аймақтағы ахуал тіпті күрделі болып кетуі мүмкін. Сондықтан жастардың басқа да кәсіптерді игеруіне жағдай жасауымыз керек. Бұл жұмысты арнайы жоспар бойынша атқару қажет", - деді мемлекет басшысы үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Мәселен, оның айтуынша, бүгінгі заманның өзекті саласы – ақпарат технологиялары.
"Осындай технологияларды Маңғыстау облысын дамыту ісінде қолдануға болады. Жалпы біз көзі ашық, білімді жастарды тәрбиелеуіміз керек. Өскелең ұрпақ келешекке сеніммен қарауы қажет. Бұл үлкен жұмыс. Бұл жұмыс әкімнің құзырында, үкіметтің құзырында тұрақты түрде болуы керек", - деп түйіндеді сөзін Тоқаев.
Әкімдер өз қаласын жаяу аралауы керек – Тоқаев