Атаулы әлеуметтік көмекті алып тастау керек пе – министр жауап берді

Sputnik
АСТАНА, 19 сәуір – Sputnik. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова депутаттардың атаулы әлеуметтік көмекті алып тастау туралы ұсынысына пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Атаулы әлеуметтік көмекті тоқтатуға болмайды. Бізде көмек алып отырған отбасылар бар. Онда жұмыс істеуге мүмкіндігі жоқ азаматтар бар. Сондықтан оларға атаулы әлеуметтік көмекті беру керек. Алайда АӘК-тің механизмін жетілдіру бойынша депутаттармен бірге жұмыс істейміз", - деді Дүйсенова үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейін журналистер сұрағына жауап беріп.
Министрдің айтуынша, бұрын атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін тұрғындар өздері келіп арыз жазатын. Енді АӘК тағайындауға Отбасының цифрлық картасы көмектеседі.
"Жуырда мен депутаттармен кездесіп, цифрлық картаны көрсеттім. Бізде табысы күнкөріс деңгейінен төмен, жұмыс істеуге мүмкіндігі жоқ азаматтар бар, объективті және субъективті себептер бар. Осыған қарап, әрбір отбасыны анықтап, атаулы әлеуметтік көмекті беру мәселесін қарастыру керек екенін айттым", - деп түсіндірді ведомство басшысы.
Оқи отырыңыз: Шілдеден бастап бірқатар әлеуметтік төлемнің мөлшері артады
Бұған дейін Қазақстан халық партиясының мәжілістегі депутаттары атаулы әлеуметтік көмекті алып тастауды, оның орнына ай сайын әр балаға 70 мың теңге жәрдемақы төлеп тұруды ұсынған болатын.
Депутаттардың пікірінше, АӘК көпбалалы отбасылар үшін нақты көмек болып тұрған жоқ. Өйткені көмекке мұқтаж көпбалалы, жұмыссыз аналарға жүздеген сынақтан өтуге тура келеді. Ал төленетін көмек мөлшері мардымсыз.
Депутаттар атаулы әлеуметтік көмекті алып тастауды ұсынды