АСТАНА, 19 сәуір – Sputnik. Ақтөбе облысында қасқырды шынжырмен ұрып өлтірген ауыл тұрғыны ұсталды.
Полицейлер әлеуметтік желілерді бақылау барысында қасқырды шынжырмен ұрған ер адамның видеосын тапқан. Ырғыз ауданының тәртіп сақшылары ауданның 37 жастағы тұрғынын анықтады.
"Ұсталған адам қасқыр оның малына шабуыл жасамақ болғанын, сол себепті ол қасқырды мотоциклімен қуып жетіп, шынжырмен өлтіргенін түсіндірді", - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ауыл тұрғынына қатысты Қылмыстық кодекстің 316-бабы 3-бөлігіне сәйкес "Жануарларға қатыгездікпен қарау" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Бұл бап бойынша 1000 АЕК-ке дейін айыппұл не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 400 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартуға, не 1 жылға дейін бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.