Әкімдер өз қаласын жаяу аралауы керек – Тоқаев

Ол Астанада да жағдай мәз емес екенін айтты
Sputnik
АСТАНА, 19 сәуір – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қалалардың инфрақұрылымы мен жайлылығын сынға алды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, қалалардың қазіргі жағдайы көңіл көншітпейді. Балалар алаңдары жабдықталмаған, үйлер ескіріп жатыр.
"Шетелде жүргенде байқаймыз ғой, әсіресе, Шығыс Еуропада, Балқанда бюджеті аз да болса, қалалары өте ұқыпты көрінеді. Әрине, бұл муниципалды биліктің жұмысы шығар, бірақ бір жағынан бұл тұрғындардың өз тұратын жеріне қалай қарайтынын көрсетеді. Ал біздің елде жағдай басқаша. Қала тұрғындарының өз үйі мен көшесіне салғырт қарайтынына куә болып жүрміз. Бұл еліміздің имиджіне нұқсан келтіреді, әрине", - деді Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Ол Астанада да жағдай мәз емес екенін айтты.
"Елорданың жоғары мәртебесіне қала орталығы ғана емес, шет жағы да сай болуы керек. Қалаларымыз өте нашар көрінеді. Бұл жерде барлық деңгейдегі әкімдер, мәслихаттар өкілдері отыр. Назар аударыңыздар. Әкімдер қалаларды жаяу аралауы керек. Жалпы біз қалаларымызды жақсылап тазалап, абаттандыруымыз қажет. Онсыз болмайды. Бұл мәдениет қой", - деп сынады президент.