АСТАНА, 18 сәуір – Sputnik. Төрткүл ауылында қайтыс болған 9-сынып оқушысы Аружан Орынбайдың туыстары сол мектепте оқитын 11-сынып оқушысы мен 19 жастағы жігіттің Аружаннан миллион теңге талап еткенін айтып отыр.
Ақша бермесең, "жалаңаш суретіңді" әлеуметтік желіге жариялаймыз депті. Оны фотоколлажбен жасаған, деп хабарлайды КТК арнасы.
"Бірақ қомақты соманы таба алмаған 15 жасар қызды бірнеше рет пышақтап, денесін суға ағызып жіберген", - дейді туыстары.
Қазір тергеу жүргізіліп жатыр. Алайда марқұмның туыстары күдіктілер жазадан жалтарып кете ме қорқатынын айтып отыр. Себебі олардың бірі экс-әкімнің ұлы болса, екінші күдікті ауқатты отбасынан шыққан.
Аружан соңғы төрт жыл әжесімен бірге тұрған. Кешке үйдегілер ұйықтап жатқанда сыртқа шығып кеткен. Содан қайтып оралмаған.
Аружан үй шәркесімен шығып бара жатқаны көрші үйдің қорасына қойылған бейнекамераға түсіп қалған. Түнгі сағат 12 шамасында әлдекіммен телефонмен сөйлесіп елеңдеген қыз арықты бойлап жүреді. Ал ертесіне 15 жасар қыздың денесі бірер шақырым жердегі арықтан табылды.
Әжесі оның кісі қолынан өлгеніне сенімді. Себебі үйдің іргесіндегі арықтың маңы әбден қанға малынған. Өзіне қол салғандай қылған қаскөйлер қылмысын жасыру үшін жарақат алған қызды суға тастаған дейді.
"11-сыныптың баласы қолын артқа қайырып ұстап тұрған. Анау пышақты екі рет ұрған. Қыз құлағаннан кейін, анау 11-сыныптағыға: "Қане, сен қолын кес" деген. Одан кейін ол қолын кескен. Арықтың жағасында қан деген көл-көсір", - дейді марқұмның әжесі Құрманкүл Салқынбекова.
Қызды өлтіруге қатысты деген күдіктінің біреуі - 11-сыныпта оқитын жігіт, екіншісі де ауылдасы. Аружанның анасы Динара Зілғараеваның айтуынша, қызы миллион теңге іздеп жүрген.
"Соңғы мәрте, алтысында менен ақша сұрады, қызым. Сосын мен айттым, "әкеңнен сұрашы" деген едім, "мама, сіздер ондай ақшаны тауып бере алмайсыздар" деді. Сөйтіп, менің қызымның әдеті бар, күліп ойнайтын да, сосын, "неғыласың ол ақшаны" деп, қайта-қайта сұрап едім, "мама, мен шетелге кетемін" деді. Міне, шетелге кетті ғой. Осы екі бала бопсалаған. "Ақша бермесең, масқараңды шығарам, сенің суретіңді шығарам" деген", - деп атап көрсетті Зілғараева.
Ал мектеп қызметкерлері ұсталған жасөспірмінің момын екенін айтады.
"Ешқандай аутодиструктивті мінез-құлық болмаған. Ол өзі сәл қорқақтау бала, сондай қаттырақ сөйлесең, жылап қалатын, сондай бала, одан бір қылмыс шығады деп біз мүлдем ойламадық", - дейді директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қанат Коспанов.
Күдіктілерді қамауға алған полицейлер адам өлтіру бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Сот-медициналық сараптама жасалады.