Қазақстан астанасында қыс ұзақ. Мұндағы жұрт ауа райының күрт өзгеруіне үйреніп кеткен. Бірақ бұл жолы сәуірде қалың қар жауады деп ешкім күтпеген сыңайлы.
Көктемнің жаймашуақ күндерін асыға күтіп жүрген астаналықтар кенеттен уақыт кері жылжып, қайтадан қыс мезгіліне оралғандай сезімде болды.
Құтқару қызметтері 14 сәуірден бастап екпінді жел тұрып, көктайғақ болып, қалың қар түсетіні туралы смс-хабарлама арқылы тоқтаусыз ескертіп жатты.
Бірақ көктемді күтіп жүрген қала тұрғындары бұл ескертулер шындыққа айналады деп күтпеді.
Көлік жүргізушілері қысқы дөңгелекті жаздыққа ауысытырып та үлгерген.
Қолайсыз ауа райы барлығын әбігер етті: автобустар кептелісте тұрып қалды, пойыздар кешігіп жетіп жатты, рейстер жиі кейінге қалдырылды. Кейбіреулер діттеген жеріне жету үшін тас жолдың ашылуын күтті, кейбіреулер елордалық әуежайда зарыға күтумен уақыт өткізіп жатты.
Қала ішіндегі, сыртындағы тас жолдарда қар өте көп.
Қалалық коммуналдық қызметтер қарды КамАЗ көліктерімен тасып жатыр.
Өткен демалыста астанада айлық нормадағы қар жауды.
Сәуірдің 16-сынан 17-сіне қараған түні елордадан 23 мың текше метр немесе жүк көлігімен 1 671 рет қар шығарылды.
Қаладағы коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.
Ал адамдар жалғыз аяқ жолмен тура пингвиндер секілді бірінің артынан бірі жүруге мәжбүр.
Жұмысқа кешікпей жету мүмкін емес: барлық жерде кептеліс, жолаушылар көлігінің кестесі бұзылған, такси бағасы шарықтап тұр.
Көктем қарсаңында Астана ауа райынан кез келген тосын мінезді күтуге болады: бүгін жеңіл жейдемен көшеде самокат теуіп жүрсең, ертең-ақ қар "кешіп" жұмысқа жетуге тура келеді.
Демалыста қалың қар жауғаннан кейінгі Астана келбеті.
Дүйсенбі күні астаналық мектеп оқушылары қолайсыз ауа райына байланысты қашықтан оқу режиміне көшірілді. Елордада үш күннен бері нағыз қыс орнаған.