"Рамазан айының сыйлығы": WhatsApp арқылы тарап жатқан сілтемені ашуға болмайды

Sputnik
АСТАНА, 18 сәуір – Sputnik. Halyk Bank WhatsApp мессенджері арқылы тарап жатқан сілтемені ашпауға кеңес берді. Алаяқтар банктің атын жамылып, ұтыс ойыны арқылы халықтың ақшасын жымқыруға кіріскен, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Мессенджерде тарап кеткен хабарламада сілтеме арқылы өтіп, бірнеше сұраққа жауап беру керектігі айтылған. Одан кейін "ұтыс ойынына" қатысатын сайтқа өту керек. Содан кейін ақшалай сыйлықты алу үшін достарың мен туыстарыңа сілтемені жіберуді міндеттейді.
"Бізге Halyk Bank-тің ақпараттық ресурстарды қорғау департаменті түсіндіргендей, бұл фишингтік схеманың бірі және оны алаяқтар азаматтардың телефонына зиянды бағдарламаларды жүктеп алу үшін пайдаланады. Оның көмегімен қаскүнемдер телефондағы барлық ақпаратқа, соның ішінде банктік мобильді қосымшаларға толық қол жеткізе алады. Осылайша, қауіпті бағдарламаны жүктеп алу кезінде адам өз ақшасын жоғалтуы мүмкін",- дейді банк қызметкерлері.
Алаяқтар фишинг арқылы адамның телефон нөмірін, жасын, атын, сондай-ақ төлем карталарының деректерін (төлем картасының 16 таңбалы нөмірі, оның қолданылу мерзімі, 3 таңбалы CVV коды), жеке шоттарды, логиндер мен парольдерді алады.
"Егер пайдаланушы нұсқауларды орындап, белгісіз қосымшаны орнатса немесе күмәнді сайтқа төлем картасының мәліметтерін енгізсе, қосымша нұсқаулар алу үшін өз банкіне шұғыл түрде хабарласуы керек", - делінген ресми хабарламада.
Акциялар, ұтыс ойындары мен сыйлықтар туралы ақпарат банктің ресми сайтында және әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланады.
Өңірлер
Алматыда өзін ер адам ретінде таныстырған алаяқ әйел ұсталды