АСТАНА, 17 сәуір – Sputnik. "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы күре жолдарды қар басудан қорғайтын елімізде шығарылған заманауи қоршауларды сынақтан өткізіп жатыр.
Модульдік конструкция республикалық маңызы бар "Астана-Павлодар" күре жолының 24 шақырымында (Қоянды ауылы қасындағы көлік айрығынан кейін) орнатылды.
Жаңа "КТ-63" қоршауларының ең басты артықшылығы — олар коррозияға төзімді материалдардан жасақталған. Тиісінше, бұл қоршаулардың қызмет ету мерзімі де ұзағырақ.
Темірбетоннан жасалған арнайы қоршаулармен салыстырғанда, бұл қоршауларды орнату оңай және техникалық қызмет көрсетіп, күтіп-ұстауды қажет етпейді.