Оқиға

Жаңаөзенде тұрғын үйдегі жарылыстан қаза болғандар саны 3 адамға жетті

Sputnik
АСТАНА, 17 сәуір – Sputnik. Жаңаөзенде тұрғын үйде болған жарылыстан үш адам қаза тапты. Құтқарушылар тағы үш адамды үйінді астынан аман алып шықты, деп хабарлайды ТЖМ баспасөз қызметі.
Ведомство ақпаратынша, құтқарушылар үйінді астынан тағы үш адамды – ер адам, әйел және баланы тірідей алып шыққан.
"Осылайша қазіргі жағдай бойынша құтқарушылар үйінді астынан аман қалған 4 адамды және 3 адамның денесін алып шықты", - делінген хабарламада.
Құтқарылғандарды және медициналық көмекке жүгінгендерді қосқанда барлығы 8 адам ауруханаға жатқызылды.
Үйінділерді аршу жұмысына 40-қа жуық техника мен 350-ге тарта адам жұмылдырылды. Олардың арасында құтқарушылар, оның ішінде кинологиялық есептоп, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері, жергілікті атқарушы органдар, жедел медициналық көмек, полиция, еріктілер бар.
Авариялық-құтқару жұмыстары жалғасуда.
Еске салсақ, бүгін таңғы бесте Жаңаөзен қаласында 12 пәтерді екіқабатты тұрғын үйде жарылыс болды.
Болжам бойынша 2-ші кіреберістегі пәтерде газ қоспасы жарылған.
Жарылыс салдарынан 3 пәтерге зақым келген. Тұрғын үй газдан ажыратылды.