АСТАНА, 17 сәуір – Sputnik. Шымкент полицейлері алаяқтардың сall-орталығын анықтады. Кеңседен 561 адамның анкетасы табылды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай ауданының тұрғыны полицияға қоңырау шалып, интернет алаяқтарға арызданған. Айтуынша, оған белгісіз нөмірден ер адам хабарласып, 12 млн теңгенің Hyundai Accent автокөлігін ұтып алғанын айтып, құттықтаған.
Қоңырау шалушы өзін тұтынушылар арасында ұтыс ойынын өткізіп жатқан желілік компанияның қызметкері ретінде таныстырған. Оператор жеңімпазға басты ұтысын алу үшін сайт арқылы ол көрсеткен шотты толтыру қажет екенін айтқан. Алаяққа сеніп қалған шымкенттік 4 млн теңгесінен айырылып қалды.
Тергеушілер бұл факті бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабымен қылмыстық істі тіркеді. Күдіктілерді анықтауға полиция департаментінің интернет-алаяқтыққа қарсы күрес жөніндегі жедел-тергеу тобы жұмылдырылды.
"Қаскөйлердің ізі Таразға әкелді, бұл қала аумағында жедел уәкілдер олардың "кеңсесін" анықтады. Нәтижесінде сегіз адамнан тұратын киберқылмыскерлер тобы ұсталды. Ең үлкені – 28 жаста, кішісі – 18 жаста", - дейді полицейлер.
Ұсталғандар бұрын түрлі желілік дүкендердің call-орталығында оператор болып жұмыс істеген.
Жұмыс орнын бизнес-орталықтардың бірінен жалға алған. Кеңседен 19 ұялы телефон, 13 ноутбук, жалған құжаттарды басқаруға және ақша есептеуге арналған жүйелік блок, жәбірленушілермен сөйлесуге арналған жадынама және 561 адамның анкетасы табылып, тәркіленді.
Қазір қалалық полиция департаменті алаяқтарға алданған басқа да азаматтарды анықтап жатыр.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, жәбірленушілер тек Шымкентте ғана емес, басқа өңірлерде де болуы мүмкін.