Пентагон F-35 әскери ұшақтарына қатысты ахуалға алаңдап отыр

Sputnik
АҚШ одақтастары америкалық F-35 жойғыш ұшақтарын сатып алып жатыр. Бірақ Пентагон осы үлгідегі ұшақтардың үштен бірі ғана барлық жауынгерлік тапсырмаларды орындауға жарамды екені туралы хабарлады, деп жазды РИА Новости .
F-35 Lightning II ("Найзағай") әскери ұшағы көпшілік назарына ұсыныла салысымен Солтүстік Атлантикалық альянстағы серіктестер кезекке тұрды. Жақында ғана Румыния жиырмаға жуық мемлекеттің тізіміне қосылды. Дегенмен Бухарестке кем дегенде сегіз жыл күту керек болады.
Бұл жойғыш ұшақ жарты ғасыр бойы НАТО-дағы негізгі әскери техникаға айналуы керек еді. Сондықтан кейбір қосалқы бөлшектер АҚШ-та өндірілмейді. Жобаға барлығы тоғыз мемлекет қатысып отыр. Ұшаққа қойылатын талаптар өте жоғары: көзге түспеу, жылдамдық, маневрлік, соққы жасау күші, ядролық қаруды алып жүру қабілеті.
Ұшақ үлгісі үш нұсқада әзірленді. Атап айтқанда, F-35A – технологиялық тұрғыдан ең қарапайым әрі ең арзан. Бір машина құны шамамен 80 миллион доллар. Деген мен бұл салмағы ең ауыр нұсқа. Әйтсе де одақтас елдер 2,5 мыңнан астам дана сатып алуға ниетті.
F-35B – қысқа ұшу және тік қону мүмкіндіктері бар АҚШ теңіз жаяу әскері мен Ұлыбритания флотына арналған. Бағасы 25 миллион долларға қымбат. Пентагон иұндай ұшақтарды 2010 жылдары қолданысқа енгізілген "Америка" үлгісіндегі десанттық кемелерде қолдануды жоспарлап отыр.
"F-35C - авиатасымалдағыштарға арналған қону ілгегі, кеңейтілген қанаттары мен артқы тірегі бар палубалық нұсқасы. Бағасы шамамен 95 миллион долларды құрайды. Барлығы үш жарым мыңға дейін F-35 құрастырғысы келгенімен, бірқатар қиындықтар туындады", - деп жазылған материалда.
2007 жылы үлгісі әуеге көтерілген кезде бұл жойғыш ұшақты F-16 мұрагері болады деп атады. 2001 жылы Lockheed корпорациясы 2010 жылға дейін 2 852 дана тапсырысты орындауға уәде бергенімен, армия алғашқы көліктерді бес жылдан кейін алды. Бұл үшін кәсіпорын 233 миллиард доллар сұраған. 2004 жылы баға екі есе өсті.
2013 жылы олар белгіленген кестеден жеті жылға кешігіп жатты. 2022 жылға қарай бағдарлама бағасы 1,7 триллион долларға дейін өсті. АҚШ Есеп палатасы анықтағандай, "отыз бестің" әрбір ұшу сағаты салық төлеушілер үшін 42 мың долларды айналып отыр. Ең бастысы, әскери машина үмітті ақтамады. Екі жыл бұрын Пентагон машиналардың 36 проценті ғана толық пайдалануға жарамды екенін хабарлады. Содан бері ақаулар саны да артты.
Ең үлкен проблеманың бірі – күш қондырғысындағы ақау. Желтоқсан айында осыған байланысты Форт-Уэрт әскери базасында тік қону кезінде F-35B ұшағы апатқа ұшырады. Ұшқыш катапульталау орындағанымен, жеткізу және қабылдау ұшулары екі айға тоқтатылды. Наурызда өндіруші компания ақаудың қайдан шыққанын анықтағанын айтты. Бірақ проблеманы бірден жою мүмкін емес болды. Оның үстіне мотор тапшылығы туындады.
Бесінші буындағы жойғыш ұшағы үшін міндетті болып табылатын опция – дыбыстан жоғары жылдамдықпен ұшу да қиындық танытты. Егер F-35 палубалық нұсқалары осы режимде жеткілікті ұзақ ұшса, олардың қаптамасына зақым келді және олар көзге түспеу қабілетін жоғалтты. Ал стелс-жабын ісінді. Сонымен қатар артқы жағтағы антенналар да істен шықты.
Пентагон дыбыстан жоғары жылдамдықпен ұшуды бірнеше ондаған секундпен шектеу туралы шешім қабылдады. Себебі бұл ақауды жою өте қымбатқа түсетін еді.
Ұшқыштар да қиындықтарға тап болып жатыр. Гипоксия 40-қа жуық эпизод бойынша тіркелді және көбісі F-35A ұшағына қатысты.
"2020 жылдың мамыр айында осы себепті ұшақтардың бірі апатқа ұшырап, ұшқыш аман қалды. Кейін белгілі болғандай, оттегі беру жүйесі істен шыққан. Сондай-ақ кабинада баротравмаға әкелген қысымның жоғарылауы тіркелген", - деп жазды РИА Новости тілшісі.
Бағдарламалық қамсыздандырудағы ақауға байланысты бірнеше машина апатқа ұшырады. Сонымен қатар құны 400 мың доллар болатын дулыға дисплейінің "жасыл түспен көз шағылыстыруына" қатысты шағымдар болды.
Өндірушілер машинаны жетілдіруді жалғастырып жатыр. Бұл бағдарламаның құны бастапқыдан тым қымбат болса да, қазір қосымша шығындар қарастырылып жатыр. Жалпы келісімшарттың уақытылы орындалуы екіталай.
Марқұм сенатор Джон Маккейн атап өткендей, F-35 ұшағы "америкалық қорғаныс техникасын сатып алу жүйесінің қаншалықты ретсіз екенінің үлгісі" болды. Бірақ АҚШ одақтастары ақауы көп бұл техниканы сатып алудан бас тартпайтын секілді.