"Сәуір болмай тәуір болмайды" деп болжайтын қазақ халқы дәл осы айдағы бірнеше күнді "бесқонақ" деп белгілеп қойған. Бұл күндері табиғат тосын мінез көрсетеді. Ауа райы бұзылып, қарлы жаңбыр не бірыңғай жауын жауады. Аяқ астынан күн суытып, қыс қайта оралғандай болады. Осыны білетін қазақ бұл шақты өлара деп әр кез сақ отырады. Алыс сапарға, жолға шықпайды. Малды тым ұзатып өрістетіп жаймайды.
Бұрыңғылар "бесқонақта" күн райы бұзылып, жаңбырлатып, қарлатса жақсылыққа жорыған, демек алдағы жаз жақсы болады. Егер бес қонақ тыныш өтсе, жаз айы жан мен малға жайлы бола қоймайды.
Кейбір аңыздарға сенсек, дәл осы уақытта жеңіл-желпі киініп, қонаққа шыққан бес адам сәуірдегі суыққа ұрынып үсіп өліпті, содан бері бұл уақыт "бесқонақ" деп аталған.
Бесқонақ – аптаға толмайтын осы 5 күнді қазақ халқы "Бесқонақ" деп атаған. Мұндай күндер басқа халықтарда да болған. Мысалы, біздің заманымызға дейінгі 4 мың жылдықта Мысырда 360 күннен кейін қосылатын 5 күнді құдайлар атымен Осирис, Гор, Сет, Исида және Нефтида атаған. Ал ежелгі парсылар күнтізбедегі 5 күнді "фәнджи" немесе "андаргах" деп атаған. Мағынасы "ұрланып кіретін" не "кетікті толтыратын" дегенді білдіреді екен.
Қазақтың ықылым заманнан келе жатқан әр болжамы тектен-текке айтылмаса керек. Жұмада күн суық болса, келесі жұмаға дейін сол ауа райы сақталады. Ай басында аспандағы ай жатып туса, демек сол ай суық болады. Биылғы сәуірде ай жатып туды. Мұндай кезде көнекөз әжелеріміз "жарықтық ай жамбастап алыпты-ау, күн қазір жылымайды" деп болжап жатады.