АСТАНА, 15 сәуір – Sputnik. Қостанай қаласында 16 жастағы баланың үстіне футбол қақпасы құлады. Ауруханаға түскен жасөспірімді жасанды тыныс алу аппаратына қосты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан "Костанайские новости" порталына сілтеме жасап.
Бас дәрігердің орынбасары Игорь Белобржицкийдің айтуынша, темір конструкция баланы басып қалған. Оның ішіне зақым келді, қан кетіп, ағзалары жарылды.
"Операция кезінде аш ішектің жарылғанын анықтадық. Бұл бала кезіндегі өте қауіпті жарақаттардың бірі болып саналады. Ота жасалғаннан кейін баланы жасанды тыныс алу аппаратына қосып қойды. Оның жағдайы әлі ауыр", - дейді Белобржицкий.
Футбол алаңы Л. Чайкина көшесіндегі жеке меншік секторда орналасқан. Осы аймақтың тұрғыны Валентина Лободаның сөзіне қарағанда, сол күні балалар футбол ойнаған. Ал ауруханаға түскен жасөспірім қақпада тұрды.
"Қақпа бұрыннан бері босап тұр. Баланың үстіне құлап, ішін басып қалды. Жанында балалар жүгіріп жүрген. Футбол алаңының жағдайы сын көтермейді, ол жерде ойнаған адам өміріне қауіпті. Барлық жерде ағаш пен темір шығып тұр", - дейді әйел.
Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Мирас Омаров алаңның осыдан үш жыл бұрын жасалғанын айтып отыр.
"Әдетте біз қызмет көрсетуші ұйыммен меморандум жасаймыз да, олар пайдалануға берілген нысанды күтіп ұстайды. Бірақ ол алаң жеке меншік секторда орналасқан. Ол жердің тұрғындары өзіміз қараймыз деді. Ондай алаңдар бірнеше жерде бар, еш жерде қақпасы бекітілмеген. Себебі ары-бері тасып жүреді. Өздігімен құламауы керек. Шамасы, тербеткен. Дегенмен полиция оқиғаның мән-жайын анықтайды", - деп атап көрсетті Омаров.
Жақын арада бөлім мамандары қақпаны бекітіп қояды. Айта кетері, соңғы бір айдың ішінде ондай жағдай екінші рет қайталанып отыр. Бұған дейін Ұзынкөл ауданында жасөспірім бастан жарақан алды. 2019 жылы 16 жастағы бала қайтыс болды. Оның үстіне темір қақпа құлады.