АСТАНА, 15 сәуір – Sputnik. Маңғыстауда 11 жасар қыз ұйықтап жатқан екі әпкесін пышақтап тастады, деп хабарлайды Lada.kz.
Облыс тұрғындары әлеуметтік желіде осындай хабарлама таратып жатыр. Маңғыстау облысының полиция департаменті бұл ақпаратты растап, зардап шеккендердің бірі ауруханаға жатқызылғанын хабарлады.
Оқиға 14 сәуірге қараған түні Ақшұқыр ауылындағы үйлердің бірінде болған. Полицияға қоңырау таңғы 4-тер шамасында түскен. Оқиға орнына жедел тергеу тобы барды.
Белгілі болғандай, 11 жасар кәмелетке толмаған қыз ұйқыда жүрген (лунатизм). Ол 19 және 12 жастағы әпкелерін пышақтады. Зардап шеккендер ауруханаға жеткізілді. Біріне медициналық көмек көрсетілген соң үйіне шығарылса, екіншісі ауруханаға жатқызылды.
Бұл факт Қылмыстық кодекстің 106-бабының 2-бөлігі ("Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру") бойынша тіркелді. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне қатысты басқа ақпарат жарияланбайды, деп хабарлады полиция департаменті.