АСТАНА, 15 сәуір – Sputnik. Бес облыста ауа райының қолайсыздығына байланысты жолдар жабылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"ҚазАвтоЖол" компаниясы таратқан ақпаратқа сәйкес, республикалық маңызы бар жолдарда қар мен жаңбыр жауып жатыр. Оған қоса, қатты жел соғып тұр.
"Қазіргі кезде Ақмола, Абай, Қарағанды, Қостанай мен Павлодар облыстарында жолдар жабылды", - делінген ресми хабарламада.
Жабылған жолдардың жалпы ұзындығы 2 253 шақырымды құрап отыр. Бұл – республикалық маңызы бар жолдардың 9 проценті.
Қазіргі кезде қар мен көктайғаққа қарсы шаралар қолға алынды. Оған 430 техника мен 500 жұмысшы шығарылды. Осыған байланысты мамандар жолға шықпай тұруға кеңес беріп отыр. Барлық ақпаратты 1403 байланыс орталығынан алуға болады.