АЛМАТЫ, 15 сәуір - Sputnik. Махаббат, сезім, сыйластық - кез-келген жаста болады. Бұған дәлел - Отарбаевтар отбасы. Алматыда ұлағатты отбасында болған Sputnik Қазақстан тілшісі бақытты болудың сырын біліп қайтты.
Отасқандарына 50 жыл болған Орынгүл апа мен Сәрсенбек аға ерлі-зайыпты арасында ең бірінші махаббат пен жақсы көру сезімі болу керек дейді.
"Әрине, 50 жылда отбасы болған соң ұсақ-түйек тұрмыстық жағдай болып тұрады. Бірақ, жасым 70-тен асса да, әлі күнге отағасын жақсы көремін. Біз бір-бірімізді бір көргеннен ұнаттық. Бір жарым жыл қыз бен жігіт болып сырластық, сосын үйлендік. Отбасында ең бірінші - махаббат, сезім, сыйластық болу керек. Ондай сезімі бар отбасы - бақытты отбасы", - дейді Орынгүл Имбетова апай.
Орынгүл апайдың айтуынша, бақыттың кілті - сабырлықта.
"Мейлі қандай жағдай болсын, сабыр керек. Сабырлы адам ғана салихалы өмір сүре алады. Өмірімде бірде-бір рет өзге үйге, тіпті төркініме күйеуімсіз барып қонып көрмеппін. Ешқашан балаларымды сүйреп, киімімді жинап, төркініме қашып көрмеппін. Бір күні отағасы екі ай ауруханаға жатып қалды. Сонда күнде тамақ алып, ауруханаға бардым. Үйге күнде жылап келемін. Бір күн де қасымнан кетпеген, сондықтан мен үшін өте ауыр болды", - дейді Орынгүл апа.
Ескендір Хасанғалиев "ескірмеген махаббат" деп бекер айтпаған, дейді апа мен ата.
"Әлі күнге қайда барсақ та бірге жүреміз. Өзім жалғыз қыздарыма барып келейін автобуспен десем, жаяу жүргізбейді. Мен Алладан дәм тұзым таусылса мен бірінші кетейін деп сұраймын. Өйткені мен отағасымсыз өмір сүре алмаймын. Бірақ мен кетіп қалсам, бұл кісімнің жағдайы не болады деп, о дүниеде жата алмаймын деп ойлаймын", - дейді Орынгүл апа.
Сәрсенбек ата азсөзді, бір тоға жан. Апаның айтқан сөзіне басын изеп, жымиып қана мақұлдаумен болды.
"Өмірде махаббат бар ма?" деген сұрағымызға: "Әрине, махаббат бар. Адамда бұл сезім болмаса адам сияқты өмір сүре алмас еді", - дейді Сәрсенбай ата.
Орынгүл апа мен Сәрсенбай атаның отбасында 9 құрсақ өмірге келген. Үш перзенті бұл фәниден бақилық болған. Бүгінде алты баласы білікті маман, білімді азамат. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған ұлағатты әулетте 17 немере өсіп-өніп жатыр.
Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған ұлағатты әулетте 17 немере өсіп-өніп жатыр
© Photo : Отарбаевтар әулетінің жеке архивінен
Орынгүл апаның пікірінше, ажырасқан әйел - жеңілген әйел. Мейлі қандай қиындық болсын әйел мықты әрі шыдамды болу керек. Өйткені бақыттың кілті тікелей әйелдің қолында.
"Күніне бірнеше рет қариямның маңдайынан сүйемін, алғысымды айтамын. Мейлі қандай қиындық көрсем де, мен өмірдегі бақытты әйелдің бірі болдым, сол үшін де бірінші Аллаға, екінші қарияма шексіз алғыс айтамын", - дейді Орынгүл апа шынайы ықыласпен.