Экономика

Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуаттылығы жылына 12 млн тоннаға дейін артады

Бұған дейін зауыт қуаттылығын 9 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланған болатын
Sputnik
АСТАНА, 13 сәуір – Sputnik. Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуаттылығын екі есеге арттыру жоспарланып отыр. Бұл туралы премьер-министрдің төрағалығымен өткен Шымкент қаласын дамытудың өзекті мәселелері туралы кеңесте айтылды.
Жиында оңтүстік өңірлік хаб аясында сауда-логистика орталығын кеңейту және МӨЗ айналасында мұнай шикізатын терең өңдейтін жаңа өнеркәсіптік кәсіпорындарды іске қосу мәселелері талқыланды.
Премьер-министр Әлихан Смайылов энергетика министрлігіне Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуаттылығын бұрын жоспарланғандай жылына 9 млн тонна емес, қазіргі 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін арттыру тәсілдерін қайта қарау қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ бұл жұмысты жаңадан салынатын қайта өңдеу кәсіпорындарының құрылысымен қатар жүргізу керек.
"Бізге шала-шарпы жұмыстың керегі жоқ. Бұл жобаға қомақты қаржы құйылады, сондықтан қуаттылықты жылына 6 млн тоннаға дереу арттыру қажет. Жанар-жағармайға деген сұраныс жылдан жылға артып келеді. Экономика өсуде, халық саны көбейіп, кәсіпорындар айналымын арттыруда. Бұл процестердің бәрін, оның ішінде ЖЖМ өндірісін ұлғайту арқылы қолдау қажет", - деді Смайылов.
Сондай-ақ кеңесте автожол, "Жұлдыз", "Бозарық" және "Тассай" индустриялық аймақтарының инженерлік инфрақұрылымын салу, "Сайрам" елді мекенінде жылыту жүйелері мен сорғы стансаларын реконструкциялау, қазандықтарды жаңғырту, сумен жабдықтау нысандарын және Алматы тас жолы бойындағы "Тұран" магистральдық кәріз коллекторын салу бойынша шаралар қаралды.
Бұдан бөлек жаңа мәдени-ағарту нысандарын ашу, несиелік тұрғын үйлерді сату, сатып алудағы жергілікті қамту үлесін арттыру, "Қайнарбұлақ" тұрғын алабын газбен қамтамасыз ету, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың жер телімдерін беру тетігін жетілдіру және тағы басқа мәселелер талқыланды.
"Мемлекеттік органдар қала әкімдігімен бірлесе отырып, осы тапсырмаларды уақытылы әрі сапалы орындау үшін барлық тиісті шараны қабылдауы қажет", — деп түйіндеді сөзін премьер-министр.