Қоғам

"Қарағанды жарық" кәсіпорны 5 млн теңге айыппұл төлейді

Sputnik
АСТАНА, 13 сәуір – Sputnik. "Қарағанды жарық" ЖШС-ға реттелетін қызметтерге қолжетімділікті шектегені үшін 5 млн теңгеге жуық айыппұл салынды, деп хабарлайды ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу комитеті.
Комитеттің Қарағанды облыстық департаментіне заңды тұлғадан "Қарағанды Жарық" ЖШС электр энергиясын беру бойынша қызмет көрсету шартын жасасудан негізсіз бас тартқаны туралы шағым түскен. Осыған байланысты департамент мамандары кәсіпорын қызметіне жоспардан тыс тексеріс жүргізді. Нәтижесінде заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқаулық шығарылды.
Сондай-ақ монополист-субъектіге қатысты "Әкімшілік құқықбұзушылық туралы" Кодекстің 164-бабы 4-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалып, ол субъектінің арызы бойынша сотқа жіберілді.
"Қарағанды қаласының Әкімшілік құқықбұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысымен реттелетін қызметтерге қолжетімділікті шектегені үшін "Қарағанды Жарық" ЖШС-ға қатысты 4 900 800 теңге мөлшерінде айыппұл салу арқылы жауапкершілікке тарту түрінде әкімшілік жаза қолданылды", - делінген хабарламада.
Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.