АСТАНА, 12 сәуір - Sputnik. Ведомствоаралық комиссия Байқоңыр ғарыш айлағының қызметіне байланысты Қарағанды облысының Жезқазған-Ұлытау өңірінде онкологиялық аурулардың өсу себебін зерттеді, деп хабарлады экология министрлігінің баспасөз қызметі.
Аймақ аумағында радиациялық фонның асып кетуі және атмосфералық ауаның ластануы тіркелген жоқ, делінген талдауда.
Сынамаларды экология министрлігі, денсаулық сақтау министрлігі және инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жасаған. Сынамалар жерүсті суларынан, топырақтан және ауадан алынып, радиация деңгейі өлшенді.
Сондай-ақ сауда нысандарындағы тамақ өнімдері сараптамадан өтті.
"Жезқазған - Ұлытау өңірінің аумағында радиациялық фон көбеймеген және атмосфералық ауа ластанбаған. Сондай-ақ улы элементтер - кадмий, қорғасын, мышьяк және гептил көрсеткіштерінің артуы анықталған жоқ", - делінген хабарламада.
Ведомство осы өңірде онкологиялық аурулардың себебін, оның ішінде Байқоңыр қызметінің ықпалына қатысты неғұрлым терең ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу керектігін айтты.
Сондай-ақ аумақты (акваторияны) зерттеу жөніндегі комиссия құрылды, яғни төтенше экологиялық жағдай аймағы немесе экологиялық зілзала аймағы деп жариялау болжанып отыр.
Айта кетері, Жезқазған - Ұлытау ауданының тұрғындары соңғы жылдары экологиялық ластануды жою және аймақты дағдарыс алдындағы экологиялық жағдай аймағы деп тану туралы билікке талай рет жүгінген.