Қызылордада бес оқушыға қатысты қылмыстық іс қозғалды

Sputnik
АСТАНА, 12 сәуір – Sputnik. Қызылорда облысындағы төбелестен кейін 5 оқушы уақытша қамауға алынып, қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлады "Хабар 24".
Қазалы ауданындағы №266 және №70 мектеп-лицейі оқушыларының арасында жанжал туындап, арты төбелеске ұласты. Салдарынан 9-сынып оқушысы ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер қазір оның жағдайы қалыпты деп отыр.
Полиция оқиғаға қатысы бар деген №266 мектеп лицейінің 5 жоғарғы сынып оқушысын уақытша қамауға алып, қылмыстық іс қозғады. 2 мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қызметінен босатылды. 10 полиция қызметкері тәртіптік жазаға тартылды.
Сондай-ақ топтық төбелестің алдын алу шарасын жүйелі ұйымдастырмағаны үшін Қазалы аудандық полиция бөлімінің бастығын да қызметтен шеттету жөнінде сала министрлігіне ұсыныс берілді.
"Білім басқармасы немесе құқық қорғау органдары мұндай мәселені толығымен жояды немесе тамырына балта шабады деген ойдан аулақ болуымыз керек. Біз қоғам мен ата-ана рөлін айтып отырмыз. Ол жерде кәмелетке толмағандардың істері бойынша төрт-ақ инспектор жұмыс істейді, бүкіл аумақты қамти алмайды. Дегенмен профилактикалық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мойындаймыз, кемшілік бар, сол кемшіліктермен жұмыс істейміз", - дейді облыстық ПД бастығының орынбасары Шамшидин Амитов.
"Қазалы ауданында ғана емес, тұтас облыстағы білім беру ұйымдарында тәрбие жұмысын күшейту, тәртіп мәселесіне көңіл бөлу, ата-аналар комитетінің, аналар мектебі, әкелер мектебі секілді балалармен тығыз жұмыс істейтін қоғамдық ұйымдардың жұмысын күшейту жөнінде тиісті тапсырмалар берілді", - деп атап өтті облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағамбетов.