"Қазақстанның халық әртісі" атағы үшін берілетін үстемақының мөлшері жарияланды

Sputnik
АСТАНА, 12 сәуір – Sputnik. Мәдениет және спорт министрлігі "Қазақстанның халық әртісі" атағын алған адамдарға төленетін үстемақының көлемін жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Мәртебелі атақ театр, цирк, музыка және кино өнерін дамытуға ерекше үлес қосқан азаматтарға, сондай-ақ бұған дейін "Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі" немесе "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" атағына ие болған мәдениет қызметкерлеріне беріледі. Сол үшін төленетін үстемеақы мөлшері екі есеге ұлғаяды.
"Қазақстанның халық әртісі" құрметті атағына ие мәдениет қызметкерлеріне базалық лауазымдық еңбекақының 100% мөлшерінде үстемеақы төленеді. Қаулы жобасы үкімет отырысында бекітілді", - делінген ресми хабарламада.
Айта кетері, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша биылдан бастап "Қазақстанның халық әртісі" атағы қайта беріледі. Оған ие болған азаматтар Республика күні қарсаңында марапатталады.