Перуашев ереуілдеп жатқан мұнайшыларға не үшін бармағанын түсіндірді

Sputnik
АЛМАТЫ, 12 сәуір – Sputnik. Мұнай саласындағы жұмысшылардың мәселесін шешу үшін бүкіл жүйені өзгерту керек. Бұл туралы мәжіліс депутаты Азат Перуашев айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, мұнай саласы мен жұмысшылар арасындағы тәртіпті қалпына келтіретін кез келді.
"Жұмысшылар әлеуметтік пакет жоқ деп айтып жатыр. Тендер еңбекақыға нұқсанын тигізіп жатыр дейді. Мәселе бұл оқиғада емес. Мәселе жүйеде. Мұнай компаниясы мен жұмысшылардың қарым-қатынасын реттеу керек" - деп пікір білдірді депутат.
Сондай-ақ ол ереуілге не үшін бармағанын айтты.
"Олар нақты бір органдарға – министрлік пен ұлттық компанияларға талап қойды. Әрбір жерге бара берсем, өз жұмысымды қашан бітіремін. Парламенттегілер өрт сөндірушілер емес. Біздің мақсатымыз – тиісті заңдарды қабылдау, халықтың мұң-мұқтажын шешу. Қаңтар оқиғасынан кейін халықтың мәселесін парламентте талқылауымыз керек. Ол үшін тиісті құжаттарымыз бар", - дейді Азат Перуашев.
Жұмыссыз ереуілшілердің ұшақ арқылы ұйымдасқан түрде келуі депутаттардың көңіліне күдік ұялатқан.
"Еңбекақы алмаған 100-ден астам адам ұйымдасқан түрде ұшақпен ұшып келуі күдік тудырады. Тендерді басқа мекемеге берді деп талап қойып отыр. Бұл талап орынсыз. Егер ел айтып жатқан заңсыздық расымен әшкереленіп жатса, жемқорлық мәселесі анықталса, заң жүзінде шара қолданылады. Ал компания жұмысшылар арқылы өз мәселесін шешуге әрекеттенген болса, бұл басқа мәселе, бұл жағы да тексеріледі", - дейді Азат Перуашев.