АЛМАТЫ, 12 сәуір – Sputnik. Алматы облысы полиция департаментінің экс-басшысы Серік Күдебаев қырғыз шекарасы арқылы Түркияға қашқан. Бұл туралы Қазақстан Республикасы бас прокурорының орынбасары Жандос Өмірәлиев айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаевтың мемлекеттік шекарадан заңсыз өтуі бойынша Ұлттық қауіпсіздік органдары іс қозғаған болатын. Істі Бас прокуратура өз өндірісіне қабылдап, жедел тергеу тобы құрылды. Оның құрамына барлық құқық қорғау органының ең тәжірибелі жедел уәкілдері қосылды.
"Қырғызстанға кетті деген мәлімет бар. Ең алдымен қырғыз мемлекетіне тиісті сауал жолдадық. Ол сауалға жауабымызды алдық. Қырғыз Республикасындағы әріптестеріміздің мәліметіне сәйкес, Күдебаев Қырғызстанға келгеннен кейін Манас әуежайы арқылы Стамбул қаласына ұшып кеткен. Түркиямен екіжақты келісімге қол қойылған. Соның аясында біз Түркияның құқық қорғау органдарымен жұмысты бастап кеттік. Олармен де жұмыс істеп жатырмыз. Оның бәрін сіздерге айта алмаймын", - деді бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев.
Оның айтуынша, іздеу іс-шаралары құпия түрде жүргізіледі.
"Іздеуде жүрген адам тығылуға тырысады ғой. Қай мемлекетпен қалай жұмыс істеп жатқанымыз біз бен сізге ғана емес, оның достары мен жақтастарына мәлім болып, біздің амалдарымызға кедергісін келтіруі мүмкін", - дейді Жандос Өмірәлиев.
Күдебаевтың шекарадан заңсыз өтуіне байланысты Қырғызстан да өз шекара қызметкерлеріне қатысты іс қозғады.
"Күдебаевқа ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасын тағайындауды сұраған прокурор мен судья осы іс аясында тексеріліп, тергеліп жатыр ма?" деген сұраққа Жандос Өмірәлиев "қылмыстық іс аясында лауазымды тұлғалар ғана емес, барлық мәселелер тергеледі. Оның қашуына қатысы бар барлық адам тексеріледі. Олардың әрекетіне баға беріледі" деп жауап берді.