Шымкенттік кәсіпкерлер салықты артығымен төлеп келген

Sputnik
АСТАНА, 11 сәуір – Sputnik. Шымкентте жергілікті кәсіпкерлер жарнама салығын артығымен төлеп келген. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қалалық департаменті хабарлады, деп жазды Otyrar.kz.
Антикордың мәліметінше, нәпақасын бизнестен тауып отырғандар ведомствоға жүгініп, сыртқы жарнаманы орналастырғаны үшін салықты есептеудің заңдылығын қарауды сұраған.
Мән-жайды анықтау барысында Мемлекеттік кірістер департаменті салық ставкалары сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы лауазымды тұлғаларының жарнама алаңдарын асыра бағалауына байланысты көтерілгені белгілі болды.
"Департамент кәсіпкердің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру туралы хат жолдады. Бүгінгі таңда 100 мың теңгеден астам қаражат бизнес субъектісінің шотына қайтарылды. Антикордың ұсынысы бойынша сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды", - делінген департамент ақпаратында.
Ведомство мемлекеттік органдардың шешімімен келіспейтін кәсіпкерлерден агенттіктің 1424 Call-орталығына хабарласуын сұрайды.