ҚазМұнайГаз өкілдері жаңаөзендік ереуілшілермен келіссөз қалай жүріп жатқанын айтып берді

Sputnik
АСТАНА, 11 сәуір – Sputnik. Жаңаөзеннен елордаға келіп, талаптарын қойып отырған мұнайшыларға дәл сондай жалақы мен әлеуметтік пакетпен басқа компанияда жұмыс ұсынылды, бірақ олар "Өзенмұнайгазда" жұмыс істегісі келеді, деп хабарлайды "Қазмұнайгаз" АҚ баспасөз қызметі.
Жаңаөзеннен келгендер – бұл бұрын ҚМГ еншілес компаниясы "Өзенмұнайгаз" АҚ үшін мұнай сервистік қызметтерін көрсету бойынша тендерде жеңіліп қалған "БерАли Маңғыстау Company" компаниясының бұрынғы жұмысшылары. Оларға мұнай сервистік қызметтер көрсететін "Ai-Bis" ЖШС мен "Кезби" ЖШС-ға жалақысын сақтай отырып жұмысқа орналасу ұсынылды.
"Жұмысшылар басқа компанияға ауысқан кезде бұрынғы барлық еңбек жағдайларын, соның ішінде жалақыны және әлеуметтік пакетті сақтауы керек. Біз бұл талапты тендер қорытындысы бойынша "Өзенмұнайгаз" АҚ мердігері болған компанияға жеткіздік. Дегенмен құқықтық рәсімдер шеңбері аясында әрекет ету керекпіз және жұмысшылар мұны түсінуі керек", - деді ҚМГ аппарат басшысы Ерхан Умаров келіссөз барысында.
"БерАли Мангистау Company" бұрынғы жұмысшылары "Өзенмұнайгазда" жұмыс істеуді талап етіп, ұсынылған жұмыс орындарына жұмысқа орналасудан бас тартты. Наразылық білдірушілерге қолданыстағы заңды рәсімдерді айналып өтіп, "Өзенмұнайгаз" АҚ штатына жұмысқа орналастыру туралы талаптарының заңсыз екені түсіндірілді.
Бұл Жаңаөзен қаласындағы жұмыссыздарды кезек тәртібімен жұмысқа орналастыруды қарастыратын аталған ұйымға жұмысқа қабылдау ережесіне қайшы келеді.
Бұл ережелер моноқала тұрғындарының өз өтініштері бойынша жұмыс орындарын адал бөлу үшін қабылданған. Қазмұнайгаздағылар келіссөз жалғасады деп сендірді.
Еске салсақ, мұнай компаниясына жұмысқа орналасуды талап еткен мұнайшылар 10 сәуірде Жаңаөзеннен елордаға келіп, "Қазмұнайгаз" ғимаратының жанындағы Дөңгелек алаңда жиналды.